Дохада өтетін І Халықаралық әскери музыка фестивалінде Орталық әскери оркестр өнер көрсетеді
11.12.2025 13:10:32 425
Қазақстан Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери оркестрі мен Құрмет қарауылы ротасы Катарда өтетін І Халықаралық әскери музыка және марштар фестиваліне қатысады.
Бұл мәдени шара елдің Ұлттық күні аясында ұйымдастырылып отыр.
Фестиваль репертуары туралы Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрінің бастығы подполковник Мақсат Шәкенов айтып берді.
– Фестивальде биыл 100 жылдығын атап өткен қазақтың ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиевтің әуендерінен попурри орындаймыз. Сонымен бірге көрермендерді Катардың танымал патриоттық әнімен қуантамыз. Біздің бағдарламамызды фольклорлық-этнографиялық оркестр, би тобы және Құрмет қарауыл ротасының дефилесі толықтырады, – деді ол.
Фестивальге Ұлыбритания, Иордания, Ирландия, АҚШ, Оман, Түркия және өзге де елдердің шығармашылық ұжымдары қатысады. Сондай-ақ Катардың элиталық әскери-музыкалық топтары өнер көрсетеді.
Қазақстандық әскери қызметшілер ел астанасының түрлі алаңдарында өз шеберлігін паш етіп, Ұлттық күнге арналған парадқа және гала-концертке қатысады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1123588?lang=kk