Қазақстан Дүниежүзілік кеден ұйымымен ынтымақтастықты нығайтуда
12.12.2025 08:01:19 288
Брюссель, 2025 жылғы 11 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Р. Василенко Дүниежүзілік кеден ұйымының (ДКҰ) Бас хатшысы И. Сондерспен кездесті. Тараптар ағымдағы өзара іс-қимылды және оны одан әрі кеңейту перспективаларын талқылады.
Елші Қазақстанның ДКҰ-ның салалық органдарындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға бейілді екенін атап өтіп, Бас хатшы ілгерілетіп отырған стратегиялық басқаруды күшейту, ашықтықты арттыру және цифрлық трансформацияға бағытталған реформалардың маңыздылығын атап өтті.
Р. Василенко Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан кеден қызметін жаңғырту бағдарламасы, соның ішінде «Кеден» бірыңғай цифрлық платформасын әзірлеу туралы ақпарат беріп, ДКҰ-ның «Anti-Corruption & Integrity Promotion Programme» бағдарламасына қатысу мүмкіндігін қарастыру ниеті жөнінде хабардар етті.
Кездесу барысында сондай-ақ, Орта дәліз шеңберіндегі транзиттік рәсімдерді цифрландыру мәселелері талқыланды. Аталған бағыт өңірлік логистиканың өткізу қабілеті мен тиімділігін арттыру үшін стратегиялық маңызға ие екені атап өтілді.
Қазақстан тарапы И. Сондерсті елге шақырып, шекаралық кеден бекеттерінің жұмысымен танысуға және ынтымақтастықтың практикалық аспектілерін талқылауға ұсыныс жасады. Елші Қазақстанның ДКҰ-мен әріптестікті одан әрі нығайтуға және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мен цифрландыру саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыруға дайын екенін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1124114?lang=kk