Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Бас штаб академиясы факультетіне – 15 жыл
13.12.2025 14:00:31 291
Осыған орай Ұлттық қорғаныс университетінде салтанатты іс-шара өтті. Әскери білім ордасының бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков жиынға қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтады.
Қызмет еткен жылдары ішінде факультет 200-ден астам жоғары білікті маман даярлады. Олардың ішінде 20-дан астам сардар генерал атағын алып, әскери басқару жүйесінде басшылық лауазымдарды атқарып жүр.
Іс-шара офицерлерді запасқа шығарып салумен тұспа-тұс келді. Университет бастығы жедел өнер кафедрасының меңгерушісі полковник Ержан Аманбаевқа, мемлекеттік әскери басқару кафедрасының аға оқытушысы, полковник Сәкен Ғұбашевқа және жедел өнер кафедрасының аға оқытушысы полковник Батырхан Күзенбаевқа университеттің, Қарулы күштердің дамуына қосқан елеулі үлесі мен адал қызметі үшін алғыс білдірді.
– Сіздер көптеген жылдар бойы Отанға адал қызмет етіп, әскери басшылардың жаңа буынына өз білімдеріңізді, тәжірибелеріңізді, күш-жігерлеріңіз бен энергияларыңызды арнадыңыздар. Сіздерді антқа адалдық, жоғары кәсібилік пен жанқиярлық ерекшелейді. 15 жыл ішінде Бас штаб факультеті жоғары офицерлік кадрларды даярлайтын жетекші орталыққа айналды. Ол Қазақстан Қарулы күштерін ұлттық қауіпсіздік міндеттерін тиімді шешуге қабілетті жедел-стратегиялық деңгейдегі кәсіби мамандармен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады, – деді генерал-майор А. Мұстабеков.
Бас штаб академиясы факультетінің бастығы генерал-майор Нұрлан Алдияровтың айтуынша, бұрын Қарулы күштердің стратегиялық басқару буыны негізінен офицерлерді шетелде оқытатын. Бұл белгілі бір қиындықтар туғызған. Сондықтан 2010 жылы құрылған әскери және мемлекеттік басқару факультетінің кейіннен Бас штаб академиясы факультеті болып қайта аталуын жоғары командалық құрам офицерлерін даярлаудағы маңызды қадам деп атауға болады.
Факультетте Шекара қызметі, Ұлттық ұлан және Төтенше жағдайлар министрлігі секілді күштік құрылымдардың өкілдері білім алады. Халықаралық ынтымақтастық аясында Оңтүстік Корея, Иран, Пәкістан, Франция, Үндістан және Қытай елдерінің әскери қызметшілері де даярлықтан өтуде.
Факультеттегі оқу үдерісі қазіргі заманғы сын-қатерлер мен жаһандық әскери-саяси ахуалдың серпінін ескере отырып, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің отандық теориясы мен тәжірибесіне негізделген. Бас штаб академиясы факультеті жоғары деңгейдегі әскери басшыларды даярлау жөніндегі маңызды мемлекеттік миссиясын жалғастырып келеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1125193?lang=kk