Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Ватиканға және Егеменді Мальта Орденіне жұмыс сапары
18.12.2025 13:24:04 128
2025 жылғы 10-12 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшіммбаевтың Ватиканға және Егеменді Мальта Орденіне жұмыс сапары өтті.
Сапардың басты оқиғасы Рим Папасы Лев XIV-тің қабылдауы болды. Қабылдау барысында Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Понтификке Қазақстанға қолайлы уақытта апостолдық сапармен келу жөніндегі шақыруын табыс етті.
Сапар аясында «Қазақстанның конфессияаралық бастамалары және Қасиетті Тақтың рухани көшбасшылығы» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелді Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің Хатшылығы, Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы және Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясы бірлесіп ұйымдастырды. Талқылау барысында Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы қарым-қатынастардың сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгені және оң даму траекториясымен дамып келе жатқаны атап өтілді. Бұл жоғары деңгейдегі байланыстардың, сондай-ақ 2003 жылы құрылған сәттен бастап Қасиетті Тақтың тұрақты әрі белсенді қатысуымен жүзеге асырылып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі аясындағы бірлескен күш-жігердің нәтижесінде мүмкін болды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясы арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Жұмыс сапары барысында Ватиканның «Bambino Gesù» педиатриялық госпиталі жанындағы жетекші ғылыми-зерттеу орталығына бару ұйымдастырылды. Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы М.Әшімбаев госпиталь басшылығымен кездесіп, молекулалық генетика зертханасын аралады.
Сондай-ақ Сенат Төрағасы Санта-Мария-Маджоре базиликасына барып, Рим Папасы Францисктің қабіріне гүл шоқтарын қойды.
Жұмыс сапары бағдарламасының жеке тармағы Егеменді Мальта Орденінің штаб-пәтеріне бару болды. Орденнің Ұлы Магистрі Фра Джон Т. Данлаппен және Ұлы Канцлері Риккардо Патерно ди Монтекупомен кездесулер өтті. Тараптар Әлемдік және дәстүрлі діндер клидерлері Съезі аясындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын, сондай-ақ гуманитарлық саладағы, атап айтқанда медицина және Орталық Азиядағы бірлескен гуманитарлық бағдарламаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Келіссөздер қорытындысы бойынша Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен Егеменді Мальта Ордені арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы М.Әшімбаевтың Ватиканға және Егеменді Мальта Орденіне жасаған сапары дәстүрлі достық қарым-қатынастарды растады және өзара тиімді негізде көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қосымша серпін берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vatican/press/news/details/1127497?lang=kk