Қазақстан Кувейтпен энергетика саласындағы диалогты нығайтуда
18.12.2025 20:40:29 239
Әл-Кувейт, 2025 жылғы 18 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Кувейт мұнай корпорациясының бас атқарушы директоры шейх Науаф Сауд Ас-Сабахпен кездесу өткізді. Оның барысында энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту перспективалары талқыланды.
Кездесу аясында Қазақстан Елшісі шейх Науаф Ас-Сабахқа Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің атынан Қазақстанға шақыру хат табыс етті. Сапар Қазақстан мен Кувейт арасындағы мұнай-газ және энергетика салаларындағы ынтымақтастық пен әріптестіктің ықтимал бағыттары бойынша келіссөздер жүргізуге бағытталған.
Келіссөздер барысында тараптардың екіжақты диалогты кеңейтуге және энергетика секторында тәжірибе алмасу мен өзара тиімді жобаларды іске асыруды қоса алғанда, өзара іс-қимылдың жаңа мүмкіндіктерін пысықтауға өзара мүдделілігі расталды.
Кувейт мұнай корпорациясы – Кувейт Мемлекетінің мемлекеттік ұлттық мұнай компаниясы және әлемдік энергетикалық нарықтың негізгі қатысушыларының бірі. Корпорация елдің көмірсутек ресурстарын барлау, өндіру, өңдеу, тасымалдау және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асырады. Кувейтте мұнай өндірудің жылдық көлемі шамамен 147 млн тоннаны құрайды, бұл елдің жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөлін көрсетеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuveyt/press/news/details/1128411?lang=kk