Португалияның өнеркәсіп, ғылым және технология саласындағы озық кәсіпорындары Қазақстан нарығын игеруге бағытталған
18.12.2025 20:40:39 237
Лиссабон, 16-17 желтоқсан 2025 жыл – экономикалық дипломатияны ілгерілету және орталықсыздандырылған ынтымақтастықты дамыту аясында Қазақстанның Португалиядағы Елшісі Жан Ғалиев солтүстік өңірдің ірі индустриалды және инновациялық орталықтарының бірі болып саналатын Гимарайнш қаласына жұмыс сапармен барды. Бұл өңірде елдің ішкі жалпы өнімінің шамамен 70%-ын қамтамасыз ететін кәсіпорындар шоғырланған.
Гимарайнш қалалық муниципалитетінің Президенті Рикарду Араужумен кездесуде өнеркәсіп, ғылыми-техникалық, туризм және білім беру салаларындағы ынтымақтастықтың ең перспективалық бағыттары қаралды. Мұндай бағыттар екі елдің өңірлері арасында ұзақ мерзімді өзара тиімді серіктестіктің негізін қалай алады.
Келіссөздер мен пікір алмасу Португалияның солтүстік аймақтарындағы Қазақстанның Құрметті консулы Жил Виейра мен Гимарайнш қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілген екі дөңгелек үстел барысында нақты жалғасты. Жиындар еліміз экономикасының басым бағыттарына арналды.
Елші португалдық әріптестерін Қазақстан экономикасының қазіргі жай-күйі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ірі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жөнінде хабардар етті. Талқылау орталығында шетелдік инвесторларға ашылып отырған жаңа мүмкіндіктер, Еуропа мен Азияны байланыстыратын тиімді көлік-логистикалық бағыттар, цифрлық технологиялар саласындағы ілгерілеу және жасанды интеллектіні әртүрлі қызмет салаларына жүйелі енгізу мәселелері де болды. Сонымен қатар, Португалияның озық тәжірибесіне сүйене отырып, туризмді және туристік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінді.
Қазақстандағы өндірістерді локализациялау үшін қажет бай ресурс қоры, әсіресе агроөнеркәсіп саласында, сондай-ақ экспорттық-импорттық жоғары әлеует динамикалық дамып келе жатқан нарықтағы бәсекелестік контексінде қонақтардың қызығушылығын тудырды.
Сапардың маңызды бөлігі ретінде Португалия және Еуропа өнеркәсібінің флагман кәсіпорындары - Lamerinho (жоғары сапалы тоқыма өнімдері), Amtrol-Alfa (өнеркәсіптік газдарға арналған болат, полимер және композиттік баллондар), ICC Lavoro (жоғары қауіп-қатерлі салалардың қызметкерлеріне арналған аяқ киімді өндіріс технологиялары – мұнай-газ, тау-кен және металлургия өнеркәсібі, өрт-құтқару, қоршаған ортаны қорғау, әскери және полиция қызметі) зауыттарына бару ұйымдастырылды. Кәсіпорын басшылары жақын арада Қазақстанға келіп, бірлескен қызметті бастау үшін келіссөздер жүргізуге дайын екенін білдірді.
Елшінің жұмыс сапары Португалияның ірі жоғары оқу орындарының бірі – Universidade do Minho университетін және оның зертханаларын аралаумен қорытындыланды. Университеттің инновациялар мен халықаралық ынтымақтастық бойынша проректоры Рауль Фангейру академиялық алмасуды кеңейту қажеттігін атап өтіп, инженерлік мамандықтар бойынша қазақстандық студенттер мен докторанттарды Португалияда оқуға шақырды.
Гимарайнштің тарихи орталығы ЮНЕСКО Әлемдік мұра нысаны болып табылады және жыл сайын онда әртүрлі елдерден ондаған мың турист келеді. «Ұлттың қарашаңыры» аталып жүрген бұл қала болашаққа бағдарланған және экология мен табиғи ресурстарды жауапкершілікпен басқаруға ерекше мән береді. Сол себепті 2026 жылы «Еуропаның Жасыл астанасы» мәртебесіне ие болды. Бұл салада қалалық билік Қазақстанмен белсенді ынтымақтастыққа дайын.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-lisbon/press/news/details/1128405?lang=kk