Алматы облысында әлеуметтік орталыққа бизнес пен биліктің бірлескен қолдауымен 20 млн тг бөлінді
19.12.2025 10:51:19 136
KT&G корпорациясы Алматы облысындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығына 20 миллион теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетті
Алматы облысында бизнес пен мемлекеттік орган өкілдері бірнеше жылдан бері әлеуметтік және қоғамдық ұйымдарды қолдауға бағытталған бірлескен жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Мұндай серіктестік өңірде әлеуметтік бағдарламаларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашып, қоғам үшін нақты нәтиже беріп отыр.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бастаманың әлеуметтік маңыздылығына тоқталып, компанияға алғыс білдірді.
«Отбасындағы зорлық-зомбылық – қоғам үшін ең күрделі әрі сезімтал мәселелердің бірі. Әлеуметтік осал топтарды қолдау, әсіресе зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету және үміт сыйлау – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. KT&G корпорациясының бұл қолдауы орталық жұмысының тиімділігін арттырып, көмек алушылардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Біз жергілікті атқарушы орган ретінде әлеуметтік серіктестікке әрдайым ашықпыз және осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз», – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, KT&G компаниясының Қазақстандағы қызметі 2023 жылы сату компаниясы ретінде басталып, 2025 жылы өндірістік зауыттың іске қосылуымен жаңа кезеңге өтті. Аталған жоба нәтижесінде ел экономикасына оң әсер етіліп, шамамен 300 жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, компания Қазақстандағы әлеуметтік мәселелерді шешуге өз үлесін қосып келеді. Атап айтқанда, білім беру мен шәкіртақы бағдарламаларын қолдау, ағаш егу бастамалары, сондай-ақ қызметкерлердің еріктілік қызметі арқылы қоғам алдындағы корпоративтік азаматтық жауапкершілікті жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Іс-шара соңында «KT&G Global Kazakhstan» ЖШС Бас директоры – Сеу Джи Чуль Алматы облысының жергілікті атқарушы органдарына алғысын білдіріп, компания өңірлік билік жүзеге асырып жатқан әлеуметтік жобаларды алдағы уақытта да қолдай беретінін атап өтті.
«Бүгінгі шара бұл жай ғана қайырымдылық көмегін табыстау рәсімі емес, қоғамның бірлігі мен жауапкершілігін көрсететін маңызды қадам. KT&G үшін жергілікті қауымдастықтармен бірге дамып, бірге өсу – басты құндылықтардың бірі. Қазақстан біз үшін тек бизнес жүргізу алаңы ғана емес, сенімді әрі стратегиялық серіктес», – деді ол.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1128607?lang=kk