Жаңа Салық кодексіндегі қосылған құн салығына қатысты өзгерістер мен жаңалықтар
19.12.2025 14:20:22 173
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі жаңа Салық кодексі шеңберінде 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін қосылған құн салығы (ҚҚС) саласындағы негізгі өзгерістер туралы хабарлайды. Жаңартулар салықтық әкімшілендіруді ашық етуге, адал кәсіпкерлікті қолдауға және ҚҚС қолдану қағидаларын оңайлатуға бағытталған.
Жаңа кодекс ҚҚС салығын салуға жатпайтын айналым санаттарын нақтылайды. Оларға мыналар жатады:
- ҚҚС-тан босатылған тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді өткізу;
- өткізу орны Қазақстан Республикасының шегінен тыс орналасқан айналымдар;
- Кодекстің 474-бабында көзделген тізбедегі жекелеген тауар санаттарын өткізу;
- ойын бизнесі саласындағы қызмет;
- арнайы салық режимі қолданылатын операциялар;
- лотерея қызметіне байланысты айналымдар.
Құрылыс компаниясының тұрғын үй ғимаратын немесе пәтерді өткізуі
2026 жылғы 1 қаңтардан бұрын құрылысы басталған және (немесе) пайдалануға қабылданған тұрғын үй ғимаратын (пәтерді) өткізу.
Тұрғын үй ғимаратын немесе пәтерді жалға беру
2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған сатып алу құқығымен тұрғын үйді ұзақ мерзімді жалға беру шарты бойынша тұрғын үй ғимаратын немесе пәтерді жалға беру.
ҚҚС-сыз сатып алынған тұрғын үй ғимаратын (пәтерді) өткізу кезінде айналым мөлшері өткізілетін нысанның құны мен бухгалтерлік есепте көрсетілген (қайта бағалау мен құнсыздануды есепке алмағанда) баланстық құнының оң айырмасы ретінде айқындалады.
Бұл өзгерістер құрылыс саласының жаңа талаптарға біртіндеп көшуін қамтамасыз етеді.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, қайта өңдеушілер және ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін ҚҚС-тың есепке жатқызылатын қосымша сомасының мөлшері 70%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылады.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚҚС жаңартылған қағидалар бойынша есепке жатқызылады:
- тауарлар, жұмыстар мен қызметтер бойынша — оларды факті бойынша алған күні;
- үшінші елдерден импорт бойынша — тауарларды шығарған күні;
- ЕАЭО елдерінен импорт бойынша — ҚҚС төленген күні;
- резидент емес тұлғалардың жұмыстар мен қызметтері бойынша — электрондық шот-фактура жазылған күні.
Бұл нормалар есепке жатқызу сәтін айқындаудың бірыңғай әрі түсінікті тәртібін енгізеді.
2026 жылдан бастап келесі салық мөлшерлемелері белгіленеді:
16% — ҚҚС-тың базалық мөлшерлемесі.
Төмендетілген мөлшерлемелер:
- 2026 жылдан бастап 5% және 2027 жылдан бастап 10% — дәрілік заттарға, медициналық бұйымдарға және лицензияланған денсаулық сақтау субъектілерінің көрсететін қызметтеріне;
- 10% — отандық мерзімді баспа басылымдарын өткізуге.
0% мөлшерлеме қолданылады:
- тауарлар экспортына;
- халықаралық тасымалдарға;
- шетелдік әуе компанияларына жанар-жағармай материалдарын жеткізуге;
- арнайы экономикалық аймақтар аумағына өткізілетін тауарларға;
- аффинирленген алтынды өткізуге.
300.00 нысаны есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-інен ерте емес және одан кейінгі екінші айдың 15-інен кеш емес мерзімде тапсырылады.
Шот-фактуралар бойынша кейінге қалдырылған ҚҚС сомасын есепке жатқызу
ҚҚС сомасын есепке жатқызу үшін тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алу күніне қолданыста болған Салық кодексінің нормалары қолданылады.
Егер тауарлар, жұмыстар, қызметтер 2025 жылғы желтоқсанда сатып алынған болса, онда есепке жатқызу кезеңі 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болған Салық кодексінің 401-бабының 1-тармағына сәйкес айқындалады.
Осылайша, есепке жатқызылатын ҚҚС мына күндердің ең кешіне сәйкес келетін салық кезеңінде ескеріледі:
- тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді алу күні;
- Салық кодексінің 400-бабының 1-тармағына сәйкес қосылған құн салығын есепке жатқызу үшін негіз болып табылатын шот-фактураның немесе өзге де құжаттың жазып берілген күні.
Осыған байланысты, 2025 жылдың 4-тоқсанында сатып алынған тауарлар, жұмыстар, қызметтер бойынша, егер оларды алу күні 2025 жылдың 4-тоқсанына келсе, ал жеткізуші шот-фактураны 2026 жылдың 1-тоқсанында жазып берсе, ҚҚС ең кеш күнге сәйкес 2026 жылдың 1-тоқсанында есепке жатқызылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd/press/news/details/1128796?lang=kk