ЭЦҚ – жауапкершіліктің цифрлық кепілі: неге өтінімде көрсетілген әр қызметкердің жеке электрондық қолтаңбасы болуы керек
19.12.2025 15:10:25 252
Мемлекеттік сатып алулар жүйесінде ЭЦҚ тек кіру құралы емес, ол – жеке тұлғаны, оның құзыретін және жауапкершілігін растайтын заңды тіркеу нышаны. Жүйеде жасалған әр әрекет, жүктелген әр құжат – нақты адамның цифрлық ізі.
Сондықтан, егер жеткізуші қызметтер немесе жұмыстар бойынша біліктілік талаптарында белгілі бір мамандарды көрсетсе, олардың әрқайсысында өзінің жеке ЭЦҚ-сы болуы тиіс. Бір ЭЦҚ-ны директорға да, бухгалтерге де ортақ қолдану – жол берілмейтін қателік.
1. ЭЦҚ – маманның жеке заңды идентификаторы
Электрондық қолтаңба:
- маманның жеке басын;
- оның жобаға нақты қатысуын;
- ұсынылған мәліметтердің шынайылығына жауапкершілігін;
- біліктілікке қатысты құжаттардың түпнұсқалығын растайды.
Бұл бір маманның бір уақытта бірнеше сатып алуға «қатысып жүруін» немесе компанияның іс жүзінде жұмысқа тартпаған адамдарды өтінімге қосуын болдырмайды.
2. Өтінімде көрсетілген маман = жеке ЭЦҚ-сы бар маман
Қызметтер мен жұмыстарды сатып алу кезінде жеткізуші білікті, тәжірибелі мамандардың бар екенін растауы тиіс.
Бұл растау толық және заңды деп танылуы үшін маман:
- штатта болуы немесе ресми шартпен тартылуы,
- құжаттары дұрыс рәсімделуі,
- оның біліктілігіне қатысты файлдардың барлығы жеке ЭЦҚ-мен қол қойылуы қажет.
Бұл — адалдық пен ашықтық талабы: өтінімде көрсетілген әр адам жүйе арқылы жеке расталуға тиіс.
3. Неге қызметкерлерге тиесілі құжаттарды директордың ЭЦҚ-мен қол қоюға болмайды
Ең жиі кездесетін қателіктердің бірі – барлық құжаттарды директордың ЭЦҚ-мен қол қою.
Бұл неге дұрыс емес:
- директор қызметкерлердің кәсіби біліктілігін растай алмайды;
- өзге адамның тәжірибесіне заңды түрде «қол қоюға» құқығы жоқ;
- бұл біліктілік талаптарының мәнін бұрмалайды;
- өтінімнің сәйкессіздігіне және оның қабылданбауына әкелуі мүмкін.
Директордың ЭЦҚ-сы – компанияның басқарушылық әрекеттерін растайды.
Маманның ЭЦҚ-сы – оның жеке кәсіби құзыретін растайды.
Бұл – жауапкершіліктің екі түрлі деңгейі.
4. Бұл талап тапсырыс берушіге де, жеткізушіге де не береді
Тапсырыс беруші үшін – жұмысты нақты тәжірибелі мамандар орындайтынына кепілдік.
Жеткізуші үшін – жалған кадрлар туралы шағымдардан қорғаныс және өтінімнің тексерістен сүрінбей өтуі.
ЭЦҚ — адал қатысушыларды формалды қатысушылардан ажыратып тұратын цифрлық сүзгі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-sp/press/news/details/1128834?lang=kk