Қостанай облысының денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайту
20.12.2025 10:50:22 170
Қостанай облысында халыққа медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған денсаулық сақтау жүйесін дамыту және жаңғырту жөніндегі мемлекеттік саясат жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Соңғы екі жылда облыстың ауылдық елді мекендерінде 26 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны – дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер салынды. Жаңа нысандар заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оның ішінде ультрадыбыстық аппараттар, зертханалық кешендер, оңалту және физиотерапия жабдықтары бар. Бұрын мұндай құрылғылар ауыл деңгейінде қолжетімсіз еді.
Саланы материалдық-техникалық тұрғыдан нығайтуға ерекше басымдық берілуде. Биыл бұл мақсатқа 9,8 млрд теңге бөлінді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда (3,3 млрд теңге) үш есе көп.
Бүгінде облыстағы медициналық ұйымдарда 4 ангиограф, 11 компьютерлік томограф және 2 магниттік-резонанстық томограф жұмыс істеп тұр.
Қосымша жаңа КТ мен МРТ аппараттары, екі ангиограф, сондай-ақ онкологиялық ауруханасына арналған сызықтық үдеткіш сатып алынды. Облыста алғаш рет орнатылған сызықтық үдеткіш науқастарға сәулелік терапияны өз өңірінде алуға мүмкіндік беріп, басқа аймақтарға бару қажеттігін жойды.
2026 жылы Арқалық және Жітіқара өңірлік ауруханаларына екі МРТ және екі ангиограф сатып алу жоспарлануда. Жоғары технологиялық жабдықтарды енгізу қан айналымы жүйесі аурулары, нейрохирургиялық және травматологиялық патологиялар кезінде шұғыл әрі жоспарлы хирургиялық көмектің сапасын айтарлықтай арттырады. Заманауи КТ мен МРТ ауруларды ерте анықтаудың деңгейін көтеруге ықпал етеді.
Сонымен қатар, осы айдың басында облыстың жедел жәрдем қызметіне 50 жаңа арнайы автокөлік табысталды. Заманауи жабдықтармен қамтылған бұл машиналар шұғыл көмек көрсетуді тиімді етуге, тозығы жеткен автопаркке түсетін жүктемені азайтуға және бригадалардың кешігу тәуекелдерін барынша төмендетуге мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1129385?lang=kk