Отбасы институты мен рухани құндылықтар: Алматы облысында республикалық конференция өтті

Отбасы институты мен рухани құндылықтар: Алматы облысында республикалық конференция өтті

20.12.2025 20:20:31 296

Алматы облысында қоғамның рухани дамуы, отбасы институтын нығайту және ұлттық бірегейлікті сақтау мәселелеріне арналған «Ислам және отбасы құндылықтары» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті.

Іс-шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты. Конференция жыл басынан бері еліміздің түрлі аймақтарында дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған жүйелі жұмыстар аясында өткен мазмұнды шаралардың қорытындысы болды.

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі мен Бас мүфтидің кездесуі өтті. Өңір басшысы тұрақты діни ахуалды сақтау, қоғамдық келісімді нығайту және дәстүрлі құндылықтарды дәріптеудің маңызын атап өтті. Тараптар діни қызметкерлердің біліктілігін арттыру және жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесін күшейтуге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Марат Сұлтанғазиев қазіргі сын-қатерлер жағдайында отбасы институтын нығайту тек әлеуметтік міндет қана емес, ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті.
“Мемлекет жағдай жасап, материалдық қолдау көрсете алады, алайда отбасының шынайы әл-ауқаты рухани құндылықтар — құрмет, жауапкершілік, өзара сенім және дәстүр сабақтастығы арқылы қалыптасады”-деді ол.

Конференция барысында отбасының адамгершілік бағдарларды қалыптастырудағы, мәдени сабақтастықты сақтаудағы және өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі негізгі институт ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда дәстүрлі ислам құндылықтарының маңызы атап өтілді. Онда отбасы адалдыққа, құрметке, жауапкершілікке, сабырлылық пен өзара сыйластыққа негізделген аманат ретінде қарастырылады. Бұл қағидаттар қазақ халқының салт-дәстүрімен тарихи тұрғыда үйлеседі.

Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері өңірде 7 302 неке тіркелген. Алғашқы некеге тұру жасының ұлғаю үрдісі байқалады: ерлердің орташа жасы — 27,9, әйелдердікі — 25,2 жас. Алматы облысында 75 678 көпбалалы отбасы тұрады, 11 975 ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері атанған.

Сонымен қатар өңірде отбасы институтын және әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдауға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері 3 522 отбасына 2,3 млрд теңгеден астам сомаға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Тұрғын үй бағдарламалары аясында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға 427 пәтер берілді.

Өңірде 312 мешіт жұмыс істейді, онда 517 діни қызметкер еңбек етеді. 2024–2025 жылдары 200-ден астам имам теологтар, заңгерлер мен психологтардың қатысуымен арнайы курстар мен семинарлардан өтті. Оқыту діни экстремизмнің алдын алуға, отбасылық жанжалдарды шешуге, жастармен жұмыс істеуге және деструктивті идеологияларға қарсы тұруға бағытталған.

Қатысушылар 2025 жылды «Ислам және отбасылық құндылықтар» жылы деп жариялау бастамасын уақтылы әрі маңызды шешім ретінде атап өтті. Бұл қадам отбасы институтын қолдауға, жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайтуға және қоғамды топтастыруға бағытталған.

Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар айтылған ұсыныстар мен бастамалар Алматы облысы мен жалпы ел көлемінде отбасы институтын нығайтуға, рухани құндылықтарды дамытуға және әлеуметтік әл-ауқатты арттыруға өз үлесін қосатынына сенім білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1129440?lang=kk