Сауда және интеграция вице-министрі Батыс Қазақстан өңірінің кәсіпкерлермен кездесті
22.12.2025 18:21:08 151
ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына барды. Сапар аясында ірі кәсіпорындарды аралады. Вице-министр «Кублей» ЖШС мен «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ қызметімен танысып, өңірдің бизнес-қоғамдастығы өкілдерімен кездесу өткізді.
«Кублей» ЖШС құрамына екі зауыт кіреді, онда 700-ден астам қызметкер еңбек етеді. Консерві зауыты 1992 жылы іске қосылған, бүгінде кәсіпорынның өнім ассортименті шамамен 100 атауды құрайды. 2015 жылы тәулігіне 400 басқа дейін ірі қара малды және шамамен 700 басқа дейін ұсақ малды өңдеуге қауқарлы ет өңдеу кешені пайдалануға берілді. Кешен жаңа салқындатылған және мұздатылған ет, сондай-ақ жартылай фабрикаттар өндіреді. Екі зауыт та еуропалық өндірістің заманауи жабдықтарымен жабдықталған.
Сонымен қатар кәсіпорында қалдықтарды (сүйек пен қанды) өңдеп, ет-сүйек және сүйек ұнын өндіретін цех жұмыс істейді. Бұл өнім жануар тектес ақуызды-минералды жем болып табылады және құс фабрикаларында жоғары сұранысқа ие. Ол бройлерлердің тірек-қимыл аппараты мен сүйек жүйесін нығайтуға, сондай-ақ жұмыртқалаушы тауықтардың жұмыртқалау деңгейі мен жұмыртқа қабығының сапасын арттыруға ықпал етеді.
«Кублей» ЖШС өнімдері Қазақстанның ішкі нарығында сатылады және Қырғызстанға, Түрікменстанға және Өзбекстанға экспортталады. Бұған дейін экспорт Иранға, ҚХР-ға және Ресейге де жүзеге асырылған.
Кублейдің өндірісін аралап шыққан соң, Әсет Нүсіпов «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ-ның Батыс Қазақстан филиалына барып, оның қызметімен танысты. Филиал өнімдер мен қызметтердің сәйкестігін растауға, менеджмент жүйелерін бағалауға, өнімдерді сынақтан өткізуге және өлшеу құралдарын тексеруге маманданған. Филиал директоры Римма Шунаева ұйымның қазіргі жағдайы және сынақ бөлімінің аккредиттеу саласын кеңейту жоспарлары туралы мәліметімен бөлісті. Атап айтқанда, стратегиялық даму бағыттарының бірі — жарылыс қауіпті ортада жұмыс істеу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өнімдердің сәйкестігін растау қызметін кеңейту.
Бизнес өкілдерімен кездесу барысында вице-министр сауданың негізгі көрсеткіштері, отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары, ішкі нарықты қорғау мәселелері, жәрмеңкелерді ұйымдастыру үдерістері және қосылған құны жоғары өнімдердің экспортын ілгерілету шаралары туралы баяндады. Батыс Қазақстан облысы бойынша 2025 жылдың қаңтар–қараша айларында ішкі тауар айналымы 1,2 трлн теңгені құрады. Жалпы республика бойынша 2025 жылдың 11 айында ішкі тауар айналымы 14,5 %-ға өсіп, 69,4 трлн теңгеге жетті (2024 жылдың сәйкес кезеңінде — 60,6 трлн теңге), оның ішінде көтерме сауда — 46,6 трлн теңге, бөлшек сауда — 22,8 трлн теңге.
Өз кезегінде Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов биыл жергілікті тауар өндірушілермен көкөніс-жеміс өнімдерінің, соның ішінде қант пен күріштің 50 %-ына дейін келісімшарт жасалғанын хабарлады. Сондай-ақ көкөніс сақтайтын қойма салу жоспарланған. Облыста жергілікті тұрғындар арасында жоғары сұранысқа ие жәрмеңкелер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Бұдан бөлек, әкім орынбасары өңірге тұз жеткізілімін тұрақтандыруға көрсеткен көмегі үшін «Анвар» және «Пешеход» сауда желілеріне алғыс білдірді.
Кездесу соңында Әсет Нүсіпов кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап беріп, оның ішінде Ұлттық тауарлар каталогына (тауарлардың мемлекеттік базасына) қатысты толыққанды мәліметімен бөлісті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1130131?lang=kk