Алматы облысында мемлекеттік қолдауды цифрландыру: ұйымдар «ЕЦП» платформасына қосылып жатыр

Алматы облысында мемлекеттік қолдауды цифрландыру: ұйымдар «ЕЦП» платформасына қосылып жатыр

23.12.2025 11:30:47 159

Алматы облысында мемлекеттік қолдау шараларын цифрландыру мақсатында әлеуметтік маңызы бар ұйымдарды «ЕЦП» бірыңғай цифрлық платформасына көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған орай, жиынға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі Фарида Сағындыққызы арнайы қатысып, өңірдегі басқарма басшыларымен бірге платформаны енгізу мәселесін талқылады.

Кездесу барысында облыстық басқармалар басшылары «ЕЦП» платформасына қосылу үдерісіне қатысты ұсыныс-пікірлерін білдіріп, жүйені өңірлік деңгейде тиімді іске асыру жолдарын ортаға салды.

Фарида Сағындыққызы өз сөзінде платформаны енгізудің маңыздылығына тоқталып, бұл бастама Мемлекет басшысы мен Премьер-министрдің тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатқанын атап өтті.

“ЕЦП” платформасына көшу арқылы білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және әлеуметтік саладағы барлық мемлекеттік қолдау шаралары ашық әрі тиімді бақылауға алынады. Платформаға өту үшін ұйымдар өз бизнес-процестерін жүйелеп, штаттық кестелерін бекітіп, қызмет алушылар туралы нақты деректерді енгізуі, сондай-ақ материалдық-техникалық базасын көрсетуі қажет. Осы талаптар толық орындалған жағдайда ашық әрі тиімді басқару жүйесі қалыптасады”, – деді министр кеңесшісі.

Қазіргі уақытта Талғар ауданы мен Қаскелең қаласында екі топ ұйымдарды платформаға енгізу бойынша пилоттық режимде өз жұмыстарын бастап кетті.

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде Алматы облысы бойынша 596 ұйым платформаға тіркеліп, бес саланы қамтып отыр. Оның басым бөлігі білім беру ұйымдарына тиесілі. Атап айтқанда, мектептер, арнайы білім беру ұйымдары, мектеп-интернаттар мен реабилитациялық орталықтар жүйеге қосылған. Соның ішінде 119 ұйым штаттық кестелерін толық енгізіп, келісімшарттарын тіркеп, кадрлық тағайындау жұмыстарын аяқтаған. Алдағы уақытта аталған ұйымдар толықтай бірыңғай цифрлық платформаға көшірілмек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1130485?lang=kk