Иранда Қазақстанның мәдени кеші өтті
23.12.2025 18:30:56 149
Тегеран, 2025 жылғы 22 желтоқсан – Тегеран қаласындағы «Ниаваран» тарихи-мәдени кешенінде Қазақстан–Иран мәдени кеші өтті.
Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Елшілігі ұйымдастырған іс-шараға Иран Ислам Республикасының Мәдени мұра, туризм және қолөнер министрі Сейдреза Салехи Амири, ИИР Мәдениет және исламдық бағдар министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, Тегеранда аккредиттелген шет мемлекеттердің елшілері, халықаралық ұйымдар басшылары, мәдениет және зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Іс-шараның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі О. Оңалбаев сөз сөйлеп, Қазақстан мен Иран арасындағы тарихи және мәдени байланыстардың терең тамыры бар екенін атап өтті. Ол екі елдің Батыс пен Шығысты жалғаған маңызды өркениеттік көпір ретіндегі рөліне тоқталып, Ұлы Жібек жолы дәуірінде Ұлы Қазақ даласы мен Иранның ежелгі өркениеті арасында сауда, ғылым және әдебиет салаларында тұрақты қарым-қатынас орнағанын атап көрсетті.
Елші қазіргі кезеңде Қазақстанның экономикасы қарқынды дамып келе жатқан, халықаралық аренада беделі жоғары мемлекет екенін атап өтіп, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елде саяси, экономикалық және мәдени реформалар табысты жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Сонымен қатар, Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі – Иран Ислам Республикасымен тату көршілік және достық қарым-қатынастарды дамыту екені атап өтіліп, Иран Қазақстанның Таяу және Орта Шығыс өңіріндегі, сондай-ақ ислам әлеміндегі маңызды саяси және экономикалық әріптестерінің бірі екені көрсетілді.
Елші өз сөзінде 2025 жылғы 10–11 желтоқсан аралығында Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианның Қазақстан Республикасына жасаған алғашқы ресми сапарының жоғары деңгейде өткенін және сапар қорытындысы бойынша бірқатар маңызды екіжақты құжаттарға қол қойылғанын хабарлады.
Өз кезегінде, Иран Ислам Республикасының Мәдени мұра, туризм және қолөнер министрі Сейдреза Салехи Амири екі ел арасындағы мәдениет және мәдени мұра салаларындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, Тегеран қаласында Қазақстанның мәдени кешін өткізу тарихи байланыстарды жаңа мазмұнда жандандыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Министр ортақ өркениет пен мәдени мұра халықтарды жақындастыра түсетінін атап өтіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан осы құндылықтарды сақтау мен мәдениет пен өнер әлеуетін халықтар арасындағы өзара түсіністік пен байланысты нығайту мақсатында тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды. Ол екі елдің шығармашылық ұжымдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қолдау білдіріп, аталған іс-шара мәдениет, мәдени мұра және туризм салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге серпін беретініне сенім білдірді.
Мәдени кеш Маңғыстау облысының «Серпер» домбырашылар ансамблінің өнер көрсетуімен жалғасты. Ансамбль қазақтың халық күйлерін жоғары кәсіби деңгейде орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Іс-шара аясында қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, Қазақстанның салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті мен табиғатына арналған көрме ұйымдастырылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-tehran/press/news/details/1130993?lang=kk