Алматыда әскери қызметшілер ардагер майдангерді құттықтады

Алматыда әскери қызметшілер ардагер майдангерді құттықтады

23.12.2025 19:20:31 191

23 желтоқсанда Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Фомич Шипилев 102 жасқа толды.

Қарияны Алматы қаласы Алмалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері туған күнімен құттықтады. Олар майдангерге Қорғаныс министрінің құттықтау хаты мен сыйлықтар табыс етті.

– Соғыс ардагерлері ерекше назар мен құрметке лайық. Олардың біздің игілігіміз үшін жасаған еңбегін бағалап, алғыс білдіру өте маңызды, – деді Алмалы ауданы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының топ бастығы капитан Гүлсім Бакирова.

Егде тартқанына қарамастан, ардагер қонақтарды жақсы көңіл-күймен қарсы алып, соғыс жылдарынан естеліктер айтты.

Василий Фомич 1923 жылы 23 желтоқсанда Алтай өлкесінің Карпово ауылында дүниеге келген. Ол кіші авиация мамандары мектебінде оқып, әуе атқышы және радист мамандықтарын меңгерген.

Жауынгерлік жолын 1944 жылғы сәуірде бастаған. Ол дербес Приморск армиясының барлау полкіне жіберіліп, кейін III Беларусь майданы радиоторабының бастығы болып тағайындалған.

Василий Фомич I дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» және басқа да медальдармен марапатталған. Василий Шипилев соғыстан кейін де әскери қызметін жалғастырып, 1950 жылы запасқа шыққан.

Василий Фомич бұрғылау қондырғысында жұмысшы, кейін шебер болып жұмыс істеген. Макарон фабрикасында барлық мамандықтарды меңгеріп, 6-шы дәрежелі слесарь болған. Осы жерде ол әйелі Валентинаны кездестіріп, отау құрды. Екеуі 62 жыл бірге өмір сүріп, Римма, Ольга және Ирина атты үш қызды дүниеге әкелді. Олардан  алты немере және шөберелері бар.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1131015?lang=kk