Алматы облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне халықты тарту бойынша өңірлік штаб отырысы өтті

Алматы облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне халықты тарту бойынша өңірлік штаб отырысы өтті

24.12.2025 08:30:24 383

Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов төрағалық етті. Жиынға облыстық басқарма басшылары қатысты, ал аудан әкімдері мен орынбасарлары селекторлық режимде байланысты.

Кедесуде үш негізгі мәселе қаралды. Олар: МӘМС жүйесіндегі өзгерістер туралы халықты хабардар ету, жүйеге қатысу динамикасы және әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың жарна төлеу тетігі.

Шара барысында Қанат Есболатов халықты МӘМС жүйесіндегі жаңалықтар мен өзгерістер туралы уақытылы хабардар ету жоспарлары бекітілгенін жеткізді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Аида Ғалымқызы Балаеваның 8 желтоқсанда өңірлермен әлеуметтік мәселелер бойынша өткізген кеңесінің хаттамалық тапсырмаларына сәйкес, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары сапалы жүргізілуі тиіс екенін ерекше атап өтті.

Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі – азаматтардың сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуына бағытталған маңызды әлеуметтік тетік екеніне баса назар аударды.

«Алматы облысында тұрғындарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өзгерістер мен медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі уақытта, негізгі басымдық медициналық ұйымдар арқылы халыққа тікелей және түсінікті ақпарат жеткізуге беріліп отыр. Call-орталықтар, әлеуметтік желілер және медициналық ұйымдардың ресми сайттары арқылы дәрілік қамтамасыз ету, МӘМС шеңберінде қызмет алу, сақтандыру мәртебесін тексеру және қарызды өтеу тәртібі жан-жақты түсіндірілуде. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде созылмалы аурулары бар сақтандырылмаған азаматтар саны 18,7 пайызға төмендеді. Бұл көрсеткіш қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді. Алдағы уақытта да тұрғындарды толық ақпараттандыру және МӘМС жүйесіне тарту бағытындағы жұмыс жалғастырылады»,- деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, жиын барысында басқарма басшыларының ұсыныс-пікірлері жан-жақты қаралып, басты назарға алынды. Қатысушылар өз өңірлеріндегі МӘМС жүйесін тиімді жүзеге асыру бойынша негізігі мәселелерді талқылады. Негізгі жұмыс тетіктері бойынша әр тарап өз міндеттерін жалғастыруға және жоспарланған іс-шараларды кезең-кезеңімен орындау үшін жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берілді. Ұсынылған шаралар мен шешімдердің сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңыздылығы айтылды.

Айта кетейік, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізіледі. Бұл өзгерістер халықтың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге және қаржылық жауапкершілікті басқарудың әртүрлі деңгейлері арасында қайта бөлуге бағытталған. Алдағы кезеңде ресми түрде тіркелген жұмыссыздардың МӘМС жүйесіне қатысуы сақталады. Алайда 2026 жылдан бастап аталған санат үшін сақтандыру жарналарын төлеу жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады. Осыған ұқсас қаржыландыру тетігі табысы төмен, D және E әлеуметтік санаттарына жататын азаматтарға да қолданылады.

Сондай-ақ, жұмыс істемейтін D және E санаттарына жататын тұлғалар үшін жарналарды төлеу процесі ай сайын жүзеге асырылады. Айдың бірінші күні Еңбек ресурстарын дамыту орталығы көрсетілген санаттарға жататын жұмыс істемейтін тұлғалардың тізбесін қалыптастырып, Saqtandyrý ақпараттық жүйесіне жолдайды. Алынған деректер негізінде Қор аталған тұлғаларға «сақтандырылған» мәртебесін береді. Одан кейін ақпараттық жүйеде олардың D және E санаттарына тиесілі екенін көрсететін белгі қалыптастырылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1131077?lang=kk