Рудный қаласында металлургия саласындағы ең ірі инвестициялық жобаның іске асырылуы басталды.
25.12.2025 12:20:33 196
Қара металлургия Қостанай облысының экономикалық өсімінің негізгі драйверлерінің бірі болып табылады. Рудный қаласында металлургия саласындағы ең ауқымды әрі капитал сыйымды жобалардың бірі — ыстық брикеттелген темір (ЫБТ) өндіретін зауыттың құрылысы басталды.
Аталған жоба өңір мен жалпы ел экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие. Жобаның алғашқы кезеңіндегі инвестиция көлемі 655 млрд теңгені құрайды. Нәтижесінде 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны жүзеге асыру Қостанай облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, Қазақстан экономикасын нығайтуға елеулі үлес қосады.
Ыстық брикеттелген темір зауытын салу Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асырудың нақты үлгісі болып табылады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында жаңа буындағы өнеркәсіпті дамыту, экологиялық таза технологияларды енгізу және сапалы жұмыс орындарын құру жөніндегі міндеттерді айқын белгілеген болатын.
Заманауи металлургиялық өндіріс өңірде жаңа индустриялық экожүйенің қалыптасуына негіз болады, шикізатты терең өңдеу үлесін арттырып, еліміздің экспорттық әлеуетін кеңейтеді. Қазіргі уақытта жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын, бұл алдағы уақытта жобаны іске асырудың белсенді кезеңіне көшуге мүмкіндік береді.
Болашақ ыстық брикеттелген темір зауыты Орталық Азиядағы «жасыл» металлургияның ірі өкілдерінің біріне айналады. Кәсіпорында металдану деңгейі кемінде 93 пайыз, ал темірдің құрамы 90 пайыздан жоғары болатын жоғары сапалы өнім өндіру жоспарлануда. Бұл Қазақстанға әлемдік болат нарығына шығуға және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуға жол ашады.
Жоба аясында Midrex процесі бойынша темірді тікелей қалпына келтірудің озық технологиялары қолданылады. Дәстүрлі домна өндірісінен айырмашылығы, бұл технология экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, себебі кокстың орнына табиғи газ пайдаланылады. Бұл қоршаған ортаға түсетін жүктемені айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.
Зауыттың шикізат базасы ретінде өз өндірісіндегі тотыққан темір кенінің окатыштары пайдаланылатын болады. «ССГПО» АҚ ыстық өнімді тікелей болат балқыту цехына жеткізу мүмкіндігіне ие болады, бұл өндірістік үдерістің тиімділігін арттырады.
Жобаны ERG тобының еншілес компаниясы — «QazIron ERG» ЖШС жүзеге асырады. Зауыттың жобалық қуаты жылына 2 млн тонна ыстық брикеттелген темірді құрайды.
Аталған жобаның іске асырылуы Қазақстанның халықаралық металлургиялық өнімдер нарығындағы позициясын нығайтып, экономиканың жаңа өсу нүктелерін қалыптастырып, экологиялық бағдарланған жоғары технологиялы өнеркәсіпке көшу жолындағы маңызды қадам болмақ.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1132177?lang=kk