Аудан әкімі Берік Сәрменбаев «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартайды қабылдады
26.12.2025 11:51:10 164
Кездесу барысында ауданда партияның сайлауалды бағдарламасы мен партиялық жобалардың іске асырылу барысы, сондай-ақ Президент жүктеген міндеттерді орындау мәселелері талқыланды. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев «AMANAT» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында Сырдария ауданына белгіленген шаралардың орындалу барысы туралы жан-жақты ақпарат берді.
Атап айтқанда, 2025 жылға жоспарланған 48 іс-шараның бүгінгі күнге 38-і толық орындалып, 10-ы жүзеге асырылу үстінде екені жеткізілді. Сонымен қатар инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның ішінде Н.Ілиясов ауылын газдандыру жобасының жүзеге асырылуы, электр желілерін жаңғырту және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекендерді электрмен қамту мәселелері атап өтілді.
Өз кезегінде облыстық филиал төрағасы Жандос Базартай партияның алдағы кезеңге арналған жоспарлары мен негізгі басым бағыттарын таныстырып, аудандық филиал тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды атап айтты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-syrdarya/press/news/details/1133042?lang=kk