Арманға жол ашқан ғажайып мереке: Алматы облысында Президент шыршасы өтті

Арманға жол ашқан ғажайып мереке: Алматы облысында Президент шыршасы өтті

26.12.2025 16:10:41 165

Қарасай ауданында балаларға арналған ерекше мерекелік шара – Қазақстан Республикасы Президентінің атынан ұйымдастырылатын «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл» атты Жаңа жылдық шырша өтті. Игі шара Алматы облысы білім басқармасының бастамасымен Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылындағы «Үшқоңыр» спорт кешенінде ұйымдастырылды.

Бұл – жай ғана мерекелік кеш емес, ел болашағы саналатын жас ұрпаққа қамқорлық пен мейірімнің, бірлік пен келісімнің нақты көрінісі. Шараның басты мақсаты – балалар арасында достық пен өзара түсіністікті нығайту, патриоттық рух қалыптастыру және әр баланың жүрегінде ұмытылмас әсер қалдыратын жылы орта құру.

Жаңа жылдық шыршаның басты қонақтары әлеуметтік тұрғыдан осал топтар мен көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ оқу, спорт, шығармашылық пен қоғамдық қызметте жоғары жетістіктерге жеткен дарынды балалар болды. Жалпы алғанда, шараға 9–13 жас аралығындағы 180 жеткіншек пен Қонаев қаласындағы «Балалар қолдау орталығының» 50 тәрбиеленушісі қатысты.

Мерекелік кештің әсері қатысушылардың көңіл күйінен анық байқалды.

«Бүгінгі мерекеде балалардың көзіндегі қуанышты көріп, ерекше толқыдым. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осындай қамқорлық әр ата-анаға үлкен үміт пен сенім сыйлайды. Балалар үшін ұйымдастырылған мұндай кештер олардың жүрегінде ұзақ сақталады», – деп өз әсерімен бөлісті шараға келген ата-аналардың бірі.

Ал мерекенің кішкентай қатысушылары үшін бұл күн нағыз ертегіге айналды.
«Маған бүгін бәрі өте ұнады. Үлкен шырша, ойындар мен сыйлықтар керемет болды. Осындай мерекеге қатысқаныма қатты қуаныштымын. Жаңа жылда жақсы оқып, үлкен жетістіктерге жеткім келеді», – деді 11 жастағы бала.

Ұйымдастырушылар балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығына да айрықша мән берген. Шара өтетін залдарда, киім ауыстыру бөлмелерінде және марапаттау аймақтарында барлық қажетті жағдай жасалды. Сонымен қатар халықаралық және республикалық олимпиада жүлдегерлерімен арнайы кездесулер ұйымдастырылды.

Мерекелік кеште үздік оқушылар мен дарынды балалардың жетістіктері атап өтіліп, оларға марапаттар табысталды. Бұл – жас жеткіншектерге көрсетілген үлкен сенім мен қолдаудың белгісі.

Осыған орай Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев мерекелік шараның маңызын атап өтті:

«Балалардың шат күлкісі мен жарқын болашағы – біздің ең басты байлығымыз. Мемлекет басшысының атынан өткізіліп отырған бұл Жаңа жылдық шырша – әр балаға деген қамқорлықтың, мейірім мен үміттің белгісі. Біз әрбір баланың өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне, өз арманына сенуіне жағдай жасауымыз керек. Бүгінгі қуаныш – ертеңгі үлкен жетістіктердің бастауы боларына сенемін», – деді облыс әкімі.

«Ғажайыпқа толы Жаңа жыл» мерекесі Алматы облысындағы балалар үшін тек жаңа жылдың басталуын ғана емес, жақсылыққа, білімге және жарқын болашаққа бастайтын сенімді қадам болып отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1133302?lang=kk