Ұлттық денсаулық сақтау жүйесін дамыту: Алматы облысында жаңа медициналық нысандар ашылды
26.12.2025 18:00:37 164
Алматы облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыл тұрғындарына арналған жаңа медициналық нысандар пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Сұраншы және Жайсан ауылдарында заманауи талаптарға сай дәрігерлік амбулаториялар өз жұмысын бастады. Бұл бастама ауыл халқының медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыруға және өңірдегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытуға бағытталған.
Жаңа медициналық нысандардың ашылу рәсіміне Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Болатұлы Есболатов қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды әлеуметтік нысандардың іске қосылуымен құттықтады. Оның айтуынша, ауылдық жерлерде сапалы медициналық қызмет көрсету – өңірлік және ұлттық деңгейдегі басым міндеттердің бірі.
«Халық денсаулығы – мемлекеттің басты құндылығы. Осыған орай ауыл тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында мұндай нысандарды жүйелі түрде іске қосып келеміз. Атқарылып жатқан бұл жұмыстардың барлығы ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыруға және денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі. Осы қуанышты жаңалықпен баршаңызды шын жүректен құттықтай отырып, жаңа нысан ел игілігіне ұзақ жылдар бойы адал қызмет етеді деп сенемін», – деді ол.
Сұраншы ауылындағы дәрігерлік амбулатория 1981 жылы салынған ғимаратта орналасқан. Бұрын қатты отынмен жылытылған нысан 2007 жылдан бастап табиғи газға қосылған. Ұлттық жоба аясында амбулатория ғимараты толықтай жаңғыртылып, заманауи медициналық талаптарға сәйкестендірілді. Бүгінде мұнда физиотерапия, емдік дене шынықтыру, дәрігерге дейінгі қабылдау, акушерлік қызмет, күндізгі стационар, оқшаулағыш және қақырық жинау кабинеттері жұмыс істейді. Медициналық мекеме ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмекті сапалы әрі уақтылы көрсетуге мүмкіндік береді.
Ал, Жайсан ауылында 1960 жылы салынған ескі ғимараттың орнына жаңа, заманауи медициналық нысан бой көтерді. Қазіргі таңда амбулатория 2 527 тұрғынға қызмет көрсетіп, қажетті барлық медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Жаңа ғимараттың іске қосылуы ауыл тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігін едәуір арттырып, сапалы қызмет алуға жол ашты.
Айта кетейік, Алматы облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында барлығы 38 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қарастырылған. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін 8,3 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде Жамбыл ауданының 16 елді мекенінде 7 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пункттің құрылысы жүргізілді. Бүгінде 16 медициналық нысанның 7-еуі пайдалануға берілсе, қалған 9 нысанды 2025 жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланған.
Жаңа медициналық мекемелердің пайдалануға берілуі ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, профилактикалық шараларды күшейтуге, ауруларды ерте анықтауға және медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ауылдық жерлердегі халық денсаулығын нығайтып, ұлттық денсаулық сақтау жүйесін дамытудың маңызды құрамдас бөлігіне айналмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1133491?lang=kk