Алматыда әскери қызметшілер майдангерді туған күнімен құттықтады

Алматыда әскери қызметшілер майдангерді туған күнімен құттықтады

27.12.2025 13:20:20 132

Алматы қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері Зұлхарнай Сейітов 103 жасқа толды. Оны құттықтауға Алмалы ауданы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері келді.

Олар Зұлхарнай Сейітовке Қорғаныс министрінің атынан құттықтау хатын табыстап, зор денсаулық пен амандық тіледі.

– Ардагерлер – тарихтың тірі куәгерлері, елдің абыройы мен даңқы. Майдангердің ерлігін ұмытпау, қамқорлық көрсету және батырлығы мен төзімділігі туралы естелікті жас ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз, – деді Алматы қаласы Алмалы ауданы ҚІБ тәрбие және идеологиялық жұмыс бөлімінің бастығы капитан Гүлсім Бәкірова.

Өз кезегінде ардагер Зұлхарнай Сейітов те әскери қызметшілерге бейбіт өмір, қызметте табыс және отбасыларына бақ-береке тіледі.

Зұлхарнай Сейітов 1922 жылғы 27 желтоқсанда Жаңа Қыпшақ (Ресей, Омбы облысы) ауылында дүниеге келген. 1942 жылы қызыл әскер қатарына шақырылды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Сталинградтан Берлинге дейінгі майдан жолынан өтті. Беларусь пен Польшаны азат етуге қатысып, Потсдам сарайын минадан тазарту жұмыстарына атсалысты. Майдандастарымен бірге фашистік Германияның астанасына шабуыл жасады.

Майдангер Қызыл Жұлдыз орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен және басқа да наградалармен марапатталған.

Соғыстан кейін Зұлхарнай Сейітов Омбы ауыл шаруашылығы институтын тәмамдады. Қазақстанға қоныс аударып, ғылым жолына бет бұрды. Ол – биология ғылымдарының докторы, республикалық Ғылым академиясының академигі, Қазақстан-Ресей медициналық университетінің молекулалық биология кафедрасының профессоры.

Зұлхарнай Сейітов 150-ден астам ғылыми еңбек пен монографияның, 10 оқу құралының авторы. Оның 14 патенті және сегіз авторлық куәлігі бар. Ғалымның зерттеулері Қазақстанның медицинасы мен тамақ өнеркәсібінің дамуына елеулі үлес қосты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1133647?lang=kk