Әскери қызметшілердің 3 мыңнан астам баласы үйірмелер мен спорттық іс-шараларға тартылған

Әскери қызметшілердің 3 мыңнан астам баласы үйірмелер мен спорттық іс-шараларға тартылған

27.12.2025 15:00:25 152

Отан қорғаушылардың отбасының әл-ауқаты – Қорғаныс министрлігінің басты бағыттарының бірі. Оларды қолдауда әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмыс жөніндегі қызметтердің рөлі зор.
Қазақстан Қарулы күштерінде 36 мыңнан астам отбасылы әскери қызметші бар, олардың 17 мыңнан астамы жас және көпбалалы отбасы санатына жатады. Жас отбасыларға тұрғын үйге орналастыру, бейімделу және әлеуметтік мәселелерді шешуге көмек көрсетіледі. Әскери қызметшілердің әйелдеріне жұмысқа орналасуға жәрдем беріледі, ал балаларын балабақшаларға орналастыру мәселесі шешіледі. Бітімгерлік миссияларға қатысатын әскери қызметшілердің отбасыларына құқықтық және тұрмыстық қолдау көрсетіліп, командирлермен кездесулер ұйымдастырылады.
2025 жылы министрдің бастамасымен «Мектепке жол» акциясы кең ауқымға ие болды. Көптеген меценаттар мен банктер жаңа оқу жылы қарсаңында мыңдаған балаларға қолдау көрсетті.
Сондай-ақ, ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелейтін отбасыларға ерекше көңіл бөлінеді. Медициналық мекемелер мен қоғаммен бірлесіп, дәрігерлік консультациялар өткізіледі, оңалту орталықтарында емдеу жүргізіледі және басқа да қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылады.
Жыл сайын әскери қызметшілердің 1000-нан астам баласы республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығының Щучинск, Балқаш, Қонаев қалалары мен Түркістан облысындағы лагерлерінде демалып, білім алады. Демалыс квоталары алдымен шалғай гарнизондарда қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілердің балаларына, мүмкіндігі шектеулі балаларға, толық емес және көпбалалы отбасылардан шыққан тәрбиеленушілерге беріледі.
Қазіргі таңда гарнизондарда 157 үйірме мен секция жұмыс істейді, оған шамамен 3 мың бала қатысады. Оларға экскурсиялар, жарыстар, спорттық іс-шаралар, қауіпсіздік сабақтары және әскери-патриоттық тәрбиелік сабақтар ұйымдастырылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1133669?lang=kk