Қарулы күштердің әскери бөлімінде «Айқас» атты тазы қызмет етеді
31.12.2025 11:31:07 224
Ақмола облысындағы 44813 әскери бөлімінде әскери қызметшілермен бірге Айқас есімді көне тазы тұқымынан шыққан ит оқу-жауынгерлік міндеттерді атқарып жүр.
Айқасты бөлімге командирдің жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары майор Нұрлыбек Жаманғарин 2020 жылы Қызылорда облысы Арал қаласынан алып келген.
– Тазы иті көшпелілердің үйлесімді өмірін бейнелейтін «жеті қазынаның» қатарына жатады. Айқас менімен бірге бесінші жыл қызмет етіп келеді. Біз үшін маңызды жетістік – Ақмола облысында өткен «Алтын қазына» республикалық тазы жарысында жеңіске жетуіміз және Ақтөбе облысындағы «Салбурын» далалық сынағында жүлделі орын алуымыз, – деді майор Н. Жаманғарин.
Бес жыл ішінде Айқас бөлімшенің күнделікті өміріне толықтай бейімделді. Оның күн тәртібі нағыз сарбаздікіндей. Таңертең тұру, ас ішу және оқу-жаттығулар ол үшін қалыпты жағдай.
Әскери тәртіпке үйренген төрт аяқты «жауынгер» саптық жиындарға да қатысады. Ол плацқа бірінші болып келіп, командирдің бұйрығымен ту тұғырының жанында отырады. Салтанатты рәсімдерде Айқас ел рәміздеріне құрмет білдіріп, Мемлекеттік әнұранның әуеніне өзінше үн қосады.
Қызмет барысында Айқас тазы тұқымының ең жақсы қасиеттерін айқын көрсетті. Ол шапшаң, төзімді және тез үйренгіш. Сарбаздармен бірге әуе кеңістігін қорғау міндетін атқаратын әскери бөлім аумағын патрульдеуге шығады. Қырағылығы мен сезімтал есту қабілеті оған күзет міндеттерін тиімді орындауға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1135702?lang=kk