Қарулы күштерде әскери қызметшілердің 47 мыңнан астам баласына жаңа жылдық мереке ұйымдастырылды

Қарулы күштерде әскери қызметшілердің 47 мыңнан астам баласына жаңа жылдық мереке ұйымдастырылды

31.12.2025 11:31:16 195

Жаңа жыл қарсаңында еліміздің барлық гарнизондарында мектеп жасына дейінгі және мектеп оқушыларына арналған жаңа жылдық ертеңгіліктер мен театрландырылған қойылымдар өтті.

Шымкент қаласындағы № 2 Оқушылар сарайында 36814 әскери бөлімінде қызмет ететін әскери қызметшілер мен азаматтық персоналдың балаларына арналған, байқаулар мен ойындарға, ертегі кейіпкерлеріне толы мерекелік ертеңгілік ұйымдастырылды. Әскери бөлім қолбасшылығы мен мекеменің шығармашылық ұжымы бірлесіп дайындаған бұл іс-шараға жүзден астам бала қатысты.

Жаңа жылдық ертеңгіліктер Ақтауда да өтті. Н. Жантөрин атындағы драма театрында Әскери-теңіз күштері әскери қызметшілерінің балаларына арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. 120-дан астам жас көрермен Аяз ата мен Ақшақармен бірге шеңбер жасап билеп, ән салып, өлең оқып, түрлі ойындарға қатысты.

Ақтау қаласындағы Қуыршақ театрында теңіз жаяу әскерлері бригадасы  әскери қызметшілерінің балалары да жаңа жылдық мерекені тамашалады. Кәсіби актерлер қатысқан театрландырылған қойылым, жарқын декорациялар мен ертегі кейіпкерлері балаларға ұмытылмас әсер сыйлады.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері материалдық-техникалық қамтамасыз ету базасының әскери қызметшілері де бүлдіршіндерді қуантудан қалыс қалмады. Олар жеке құрамның балалары үшін аниматорлар қатысқан, интерактивті ойындар мен байқауларға толы ертеңгілік өткізді.

Қарағанды гарнизонында да жаңа жылдық көңіл-күй сезілді. Қдаыртасқан дәстүрге сай Нұркен Әбдіров атындағы авиациялық базаның әскери қызметшілері «Әсем» балалар үйінің тәрбиеленушілерін арнайы барып құттықтады. Балалар алдын ала Аяз атаға хат жазып, өз тілектерін білдірген болатын. Ал сиқыршының көмекшілері рөлін иықтарында погондары бар әскери қызметшілер ықыласпен атқарды. Кездесу жылы, шынайы атмосферада өтіп, алғыс ретінде тәрбиеленушілер қонақтарға музыкалық нөмірлер ұсынып, өз таланттарын паш етті.

Теміртау қаласында да мерекелік көңіл-күй. 55524 әскери бөлімінің әскери қызметшілері № 8 мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары үшін спектакль ұйымдастырды. Танымал ертегінің желісімен қойылған театрландырылған қойылым залды күлкі мен қошеметке бөлеп, әрбір балаға жаңа жыл мерекесін сезінуге мүмкіндік берді.

Балалар мен отбасыларға қамқорлық жасау Қарулы күштер қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін айта кету керек. Бұл олардың тек мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуші ғана емес, сонымен қатар қоғамның сенімді тірегі ретіндегі рөлін айқындай түседі.

Жалпы алғанда, Қарулы күштердегі әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жүргізетін бөлімдер мен қызметтердің үйлесімді еңбегінің арқасында жаңа жылдық іс-шараларға 47 мыңнан астам бала қатысты. Әсіресе көпбалалы және толық емес отбасыларға, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған жанұяларға ерекше назар аударылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1135666?lang=kk