Экономиканың тұрақты өсімі: Алматы облысы қаржылық дербестікке бет алды
31.12.2025 17:40:42 221
Соңғы төрт жылда Алматы облысында экономикалық өсім орнықты сипат алды. Өңірлік бюджетке түсетін салық көлемі екі есеге жуық артты, ал атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны үш есеге жуық азайды. Бұл үрдіс халықтың табысы мен жұмыспен қамтылу деңгейінің өскенін, кәсіпкерлік белсенділіктің кеңейгенін көрсетеді.
Бүгінде облыс өз кіріс көздерін нығайтып, бюджетаралық тәуелділікті біртіндеп төмендетіп келеді. Экономикалық даму ішкі әлеуетке сүйенген жаңа сапалық кезеңге өтті.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысы дотациялық өңірлер арасында салықтық түсім көлемі жөнінен алдыңғы қатарға шықты. 2021 жылы бюджетке 317,3 млрд теңге түскен болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 520,5 млрд теңгеге жетті. 2025 жылға арналған болжам 630 млрд теңгеден асады. Осылайша, бірнеше жыл ішінде салықтар мен міндетті төлемдердің көлемі айтарлықтай ұлғайды.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, өсім кездейсоқ емес, инвестициялар ағыны мен жаңа өндірістердің іске қосылуы нәтижесінде қалыптасқан. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, өңірде өнеркәсіп, қайта өңдеу, логистика және туризм салаларында ірі отандық әрі халықаралық компаниялардың қатысуымен жобалар жүзеге асуда. Бұл тұрақты жұмыс орындарын ашып, ұзақ мерзімді салық базасын қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.
Экономиканың аумақтық құрылымы да айтарлықтай өзгерді. Әкімшілік қайта ұйымдастырудан кейін донор аумақтардың саны екіден беске дейін артты. Қарасай мен Іле аудандарына Талғар, Еңбекшіқазақ аудандары және Қонаев қаласы қосылды. 2025 жылы осы аумақтардан алынған бюджет қаражаты 297,8 млрд теңгені құрады, ал облыстық бюджеттен бес ауданға бөлінген қолдау көлемі 9,6 млрд теңге болды. Келесі жылы Жамбыл ауданы мен Алатау қаласының да донорлар қатарына енуі күтіледі.
Қарасай ауданы өңірдегі негізгі еңбек нарықтарының бірі ретінде қалыптасып отыр: мұнда өндірістік-логистикалық белдеу дамып, өнеркәсіп пен креативті индустрия, соның ішінде Нью-Йорк киноакадемиясының филиалы жұмыс істейді. Іле ауданында қайта өңдеу мен қойма инфрақұрылымы күшейтілуде. Талғар ауданы логистика, туризм және спорт саласын, оның ішінде Atlético de Madrid Kazakhstan футбол академиясын дамытуды көздейді. Еңбекшіқазақ ауданында агроөңдеу мен ауыл шаруашылығы кооперациясы басым бағытқа айналды.
Ұйғыр ауданы жеміс шаруашылығы бойынша елдегі жетекші өңір саналады. Мұнда республикадағы барлық өрік бақтарының шамамен 60 пайызы — 2,2 мың гектар алқап орналасқан. 2025 жылы 4 мың тоннаға жуық өнім Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан нарықтарына экспортталды.
Инвестициялық белсенділік те экономикалық серпінді айқындай түсуде. 2025 жылы облыста жалпы құны 228,6 млрд теңгені құрайтын 19 жоба іске асырылып, шамамен 7 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Ал 2022 жылдан бері өңірде 240 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, оның басым бөлігі тұрақты жұмыспен қамтуға тиесілі.
Қонаев қаласы өңір экономикасының маңызды орталықтарының біріне айналды. Мұнда 30 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған агроөңдеу кәсіпорны іске қосылып, 300-ден астам жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар құны 100 млрд теңгеге дейін жететін жаңа жоба пысықталуда. Solico Group компаниясы жылына 200 мың тонна сүт өнімін өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр, инвестиция көлемі — 33,1 млрд теңге.
Алатау қаласы — жаңа өсім нүктесі
2025 жылы Алатау қаласы өз кіріс базасын қалыптастырып, қаржылық дербестікке қол жеткізді. Қалада Орталық Азиядағы ең ірі ашық мұз айдыны пайдалануға берілді. Арнайы экономикалық аймақ аясында инвестиция көлемі 125 млрд теңгеден асатын төрт логистикалық және өнеркәсіптік жоба іске қосылып, мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
Әлеуметтік инфрақұрылым: сапалы өзгерістер
Экономикалық даму әлеуметтік саланың кеңеюімен қатар жүрді. Бір жыл ішінде облыста 36 медициналық нысан, 17 мектеп және шамамен 1 700 тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде 875 мыңға жуық тұрғынның, әсіресе ауылдық және қала маңындағы елді мекендердің, базалық қызметтерге қолжетімділігі артты.
Әлеуметтік әсер де айқын: атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 57,4 мыңнан шамамен 19 мың адамға дейін қысқарды. Бұл өңірдегі жұмыспен қамту мен халық табысының өскенін көрсетеді.
Өңір басшылығының пайымдауынша, қазіргі қарқын сақталып, ірі жобалар толық іске асқан жағдайда Алматы облысы 2029 жылға қарай донор аймақтар қатарына өтуі мүмкін. 2025 жылдың қорытындысы бұл бағыттың нақты нәтижелерге негізделгенін айғақтайды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1136006?lang=kk