Отан отбасынан басталады: Ұлттық ұлан қатарында сегіз баланың әкесі қызмет етеді

Отан отбасынан басталады: Ұлттық ұлан қатарында сегіз баланың әкесі қызмет етеді

09.01.2026 09:20:29 526

ҚР ІІМ Ұлттық ұланында борыш пен жауапкершілік ұғымдарын тек сап пен бұйрық аясында ғана емес, өмірлік қағида ретінде қабылдайтын әскери қызметшілер бар. Солардың бірі - Тараз қаласындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5513 әскери бөлімінің аға сержанты Айбол Қоныспаев. Ол  - жиырма жылға жуық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман әрі жұбайымен бірге сегіз баланы тәрбиелеп отырған үлгілі әке.

Айбол Қоныспаев әскери бөлімдегі 1-батальонның жауынгерлік қамтамасыз ету ротасында аға маман - сапер лауазымында қызмет атқарады. Қызмет жылдары ішінде ол Отан алдындағы борышқа адалдығын талай мәрте дәлелдеді. Он екі жыл бойы әскери жасақ бастығы міндетін атқарып, патрульдік қызметте Тараз қаласындағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосты.

Алайда ұландық үшін ең басты құндылық - отбасы. Оның шаңырағында үш ұл мен бес қыз өсіп келеді. Үлкен ұлы Бақдәулет болашағын Отанға қызмет етумен байланыстыруды мақсат етіп, Полиция академиясына оқуға түсуді жоспарлап отыр.

Қоныспаевтар отбасындағы тәрбие сөзбен қатар, іспен де беріледі. Ашық есік күндері Айбол Қоныспаев балаларын әскери бөлімге ертіп келіп, қызметтің қыр-сырын көрсетеді, ұландықтардың күнделікті қызметі мен Ұлттық ұланның ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін түсіндіреді.

Айбол Қоныспаев үшін қызмет жұмыс уақытымен шектелмейді. Жауапкершілік, тәртіп пен заңға құрмет - оның өмірлік ұстанымы. Осы құндылықтарды ол Ұлттық ұлан қатарында да, отбасында да берік ұстанып, балаларын жеке үлгісімен тәрбиелеп келеді.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1138408?lang=kk