Қостанай облысында «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілетудің интерактивті форматтары іске асырылуда
12.01.2026 17:22:47 761
Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру әділдікті, заңдылықты және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін ерекше атап өтті. Азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, мемлекеттік институттарға деген сенімді арттыру және заң талаптарының сөзсіз орындалуы әділ әрі орнықты Қазақстанды құрудың негізгі шарттары болып айқындалды.
Осыған байланысты Қостанай облысында «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге бағытталған жобалар мен бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылып, халықпен жұмыс істеудің интерактивті және заманауи форматтары кеңінен қолданылуда.
2025 жылы облыстың қалалары мен аудандарында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 28 жоба жоспарланып, толық іске асырылды. Оларды жүзеге асыру барысында үкіметтік емес ұйымдар құқық бұзушылықтардың алдын алу мен халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған әртүрлі форматтағы 300-ден астам іс-шара өткізді. Сонымен қатар құқықтық мәдениеттің өзекті мәселелерін қамтитын ақпараттық-таратпа материалдар мен бейнероликтер әзірленіп, таратылды.
«Заң мен тәртіп» идеологиясын іске асыруға өңірдің жоғары оқу орындары да белсенді қатысуда. ЖОО-лар апталық негізде өткізілетін 20 іс-шарадан тұратын тізбені қалыптастырды. Олардың қатарында құқықтық сағаттар, профилактикалық дәрістер, сала мамандарымен кездесулер және студент жастар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу мен құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған өзге де форматтар бар.
Интерактивті жұмыстың жарқын мысалдарының бірі – «Заң мен тәртіп: әділетті Қазақстанға бірге» тақырыбында өткен ойын соты форматындағы іс-шара. Бұл формат құқықтануға қызығушылық танытқан студенттерге теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік берді. Іс-шараға шамамен 100 адам қатысып, олардың қатарында прокуратура, сот және адвокаттар алқасының өкілдері болды.
Сонымен қатар облыста Республика күніне орай «Менің Республикам» атты облыстық пікірсайыс турнирі ұйымдастырылды. Турнир «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Қостанай облысы бойынша «Жастар Рухы» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен, А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің, сондай-ақ «Ахмет Ұрпақтары» және «Парасат» пікірсайыс клубтарының қолдауымен өткізілді.
Аталған бастамалардың жүзеге асырылуы қоғамда заңның құндылығын, жауапкершілік пен азаматтық белсенділікті терең түсінуді қалыптастыруға, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидаттарын әділетті Қазақстанның берік негізі ретінде нығайтуға ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1139818?lang=kk