Қазақстан мен Таиланд арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілуде

Қазақстан мен Таиланд арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілуде

15.01.2026 09:31:07 287

Бангкок, 2026 жылғы 14 қаңтар – Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Таиландтың Сауда министрі Супаджи Сутхумпунмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілік бар екенін растады. Қазақстан мен Таиланд арасындағы 33 жылдық дипломатиялық қатынастарға негізделген екіжақты байланыстардың жоғары деңгейі атап өтілді.

Қазақстандық дипломат Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылды Цифрландыру жылы деп жариялағанын хабарлады. Елде цифрлық экономика жүйелі түрде дамып келеді, халықаралық Astana Hub IT-орталығы жұмыс істейді, сондай-ақ цифрлық секторды дамыту үшін заманауи және ашық нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыратын Цифрлық кодекс қабылданды. Жуырда қол қойылған Қазақстан–Таиланд арасындағы цифрлық саладағы ынтымақтастық жөніндегі Меморандум цифрлық сауда, финтех, киберқауіпсіздік және «ақылды» логистика бағыттарында практикалық өзара іс-қимылға негіз болатыны атап өтілді. Сонымен қатар, Қазақстанның БҰҰ ЭСКАТО шеңберінде Цифрлық шешімдер орталығын құру бастамасы таныстырылды.

Елші Таиландтың Қазақстан үшін Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі серіктестердің бірі екенін атап өтіп, Таиландтың Орталық Азия елдерімен саудасының шамамен 70 пайызы Қазақстанға тиесілі екенін жеткізді. Сондай-ақ 2026 жылғы 8 ақпанда өтетін Таиландтағы парламенттік сайлау сындарлы жағдайда өтіп, елдің одан әрі тұрақты дамуына ықпал етеді деген үміт білдірілді.

Әңгіме барысында 2024–2025 жылдары саяси байланыстардың жандана түскені және өзара сауда көлемінің оң динамикасы атап өтілді. 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша тауар айналымы 7,5 пайызға өсіп, 235,5 млн АҚШ долларын құрады. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың әлеуеті бұдан да жоғары екенін атап өтті.

Сондай-ақ Бірлескен сауда комитеті мен Ауыл шаруашылығы жөніндегі жұмыс тобын іске қосу, Таиландтың Астанада немесе Алматыда Сауда өкілдігін ашу мүмкіндігі, инвестицияларды өзара қорғау және қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімдерге қатысты перспективалар талқыланды.

Қазақстан агроөнеркәсіптік саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін білдіріп, Алматы облысындағы «Sea Value» компаниясының жобасын инвестициялық серіктестіктің табысты үлгісі ретінде атап өтті. Сонымен қатар, Орта дәлізді пайдалану арқылы транзиттік-логистикалық өзара іс-қимыл және Алматы, Шымкент – Бангкок бағыттары бойынша тікелей әуе рейстерінің іске қосылуы аясында туризмді дамыту мәселелері қаралды.

Өз кезегінде Таиландтың Сауда министрі Супаджи Сутхумпун Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын және екіжақты экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті.

Министр Қазақстанға сапармен келу туралы шақыруды қарастыруға дайын екенін білдіріп, оның аясында Бірлескен сауда комитетінің отырыстарын өткізу, сондай-ақ екі елдің іскер топтарының қатысуымен бизнес-миссиялар ұйымдастыру мүмкіндігін атап өтті.

Таиланд тарапы цифрлық шешімдер саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге, соның ішінде цифрландыруды өндірістік және агроөнеркәсіптік кәсіпорындардың өнімділігін, тиімділігін және бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қосылған құны жоғары заманауи тізбектерді дамыту және шағын және орта бизнесті қолдау үшін пайдалануға қызығушылық танытты.

Сонымен қатар, қаралу үстіндегі екіжақты келісімдер жобаларын ілгерілетуге жәрдемдесуге және өзара қызығушылық тудыратын маңызды материалдар мен сирек жер ресурстары мәселелері бойынша мазмұнды диалогты жалғастыруға дайын екендігі расталды.

Қазақстанның Орталық Азия мен ТМД елдерінің нарықтарына шығу үшін сенімді транзиттік-логистикалық хаб ретіндегі рөлі және қолданыстағы инфрақұрылым мен халықаралық көлік дәліздерін пайдалану мүмкіндіктері ерекше атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы диалогты жалғастыруға ниетті екенін растады және ынтымақтастықтың жүйелі дамуы Қазақстан-Таиланд қатынастарын жаңа сапалы деңгейге көтеруге ықпал ететініне сенім білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-thailand/press/news/details/1141542?lang=kk