Қазақстан Елшісі Чехия Президентіне сенім грамоталарын тапсырды
15.01.2026 16:30:54 136
Прага, 2025 жылғы 14 қаңтар – Прага Қамалында Қазақстан Республикасының Елшісі Қайрат Әбдірахманов Чех Республикасының Президенті Петр Павелге сенім грамоталарын тапсырды. Салтанатты рәсім аясында қазақ дипломаты мен чех мемлекет басшысы сұхбаттасып, екіжақты қатынастардың жоғары деңгейін растап, оларды одан әрі тереңдетуге өзара қызығушылықтарын білдірді.
Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыру, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды. Өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу барысында жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мүддесінде Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы аясындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығы аталып өтті. Еуропалық одақ пен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықтың жоғары қарқыны қанағаттанушылықпен айтылды.
Елші чех тарапының назарын Қазақстандағы жаңғырудың жаңа кезеңіне аударып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген жаңа жылдық сұхбатында айқындалған орнықты экономикасы, тұрақты саяси жүйесі және қоғамдық игіліктерді әділ бөлу қағидаты бар құқықтық мемлекет құру басымдықтарын атап өтті. Чех кәсіпкерлері Қазақстандағы экономикалық өзгерістерге, әсіресе энергетика және коммуналдық шаруашылық салаларына ерекше қызығушылық танытып отыр. Себебі, чех компаниялары дәл осы салаларға қажетті, ресурсты үнемдейтін және экологиялық таза озық технологиялармен жабдықталған.
Осы және өзге де өзара тиімді қазақ-чех ынтымақтастығының бағыттары бойынша биік және жоғары деңгейдегі кездесулерді әзірлеу мақсатында екі елдің үкіметтері, іскер және қоғамдық топтары желісі арқылы үйлестірілген жұмыс жалғастырылатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1142006?lang=kk