Будапештте Қазақстан Елшісінің қазақ диаспорасы өкілдерімен кездесуі өтті
16.01.2026 14:30:34 215
Будапешт, 2026 жылғы 9 және 14 қаңтар - Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы Будапешт қаласында тұратын қазақ диаспорасының жетекшілерімен дәстүрлі жұмыс кездесулерін өткізді.
Кездесулер барысында Қазақстан-Мажар қоры «Барс» ұйымының Президенті Гал Андрашпен, қазақ диаспорасының жетекшісі Мандоки Онгайшамен, сондай-ақ «Мажар-қазақ этноспорт және мәдениет қауымдастығының» жетекшісі Жанаргүл Феньвешимен Қазақстаннан тысқары өмір сүріп жатқан отандастар арасында қазақ тілін, тарихын және мәдени мұрасын сақтау мен насихаттау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар диаспораның тарихи Отанымен байланысын нығайтуға және Елшілікпен өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Кездесулер аясында 2025 жылы қазақ диаспорасы ұйымдастырған мәдени және қоғамдық іс-шаралардың қорытындылары шығарылып, олардың Қазақстан мен Мажарстан арасындағы гуманитарлық байланыстарды дамытуға қосқан үлесіне оң баға берілді. Бұдан бөлек, тараптар бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын, сондай-ақ 2026 жылы қазақ мәдениетін, дәстүрлері мен ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға бағытталған мәдени-ағартушылық іс-шараларды өткізу жоспарларын, оның ішінде жастар мен мажар жұртшылығын кеңінен тарту мәселелерін қарастырды.
Кездесулер жылы әрі достық жағдайда өтті, бұл Қазақстан Республикасы мен шетелде тұратын отандастар арасындағы өзара түсіністік деңгейінің жоғары екенін және берік байланыстардың қалыптасқанын айқындайды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1142557?lang=kk