Қазақстан Венада өткен «Түркі апталығына» қатысты
17.01.2026 08:00:47 158
Вена, 2026 жылғы 12–14 қаңтар – Аустриядағы Қазақстан Республикасының Елшілігі – халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі Венада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) қызметін таныстыру аясында өткен «Түркі апталығына» қатысты.
«Түркі апталығы» шеңберіндегі өткен іс-шаралардың бірі БҰҰ-ның Венадағы бөлімшесінің ғимаратында ұйымдастырылған ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің (Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан) тарихи-мәдени мұрасына арналған фотокөрме болды.
Сонымен қатар, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымында (ЕҚЫҰ) «Жібек жолынан Орта дәлізге: Көлік және сауданы жеңілдету арқылы өзара байланысты нығайту» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аталған іс-шарада ЕҚЫҰ Бас хатшысы Феридун Синирлиоғлу, ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Дүниежүзілік автомобиль көлігі ұйымының Бас хатшысы Умберто де Претто, сондай-ақ ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор және Төменгі Аустриядағы Қазақстанның құрметті консулы Александр Андреас Ширхубер құттықтау сөз сөйледі.
Баяндамашылар өз сөздерінде Орта дәліздің Шығыс пен Батысты, түркі өңірі арқылы Азия мен Еуропаны байланыстыратын стратегиялық маңызы бар көлік бағытына айналғанын атап өтті. Сондай-ақ, бұл дәліз тарихи Ұлы Жібек жолының заманауи жалғасы болып табылып, жеткізу тізбектерін әртараптандыруға, олардың тұрақтылығы мен сенімділігін арттыруға, сауданы кеңейтуге және өңірдің экономикалық дамуына ықпал ететіні айтылды.
Дөңгелек үстел Аустрия Республикасының дипломатиялық корпусының мүшелерін, мемлекеттік органдары мен жеке сектор өкілдерін, сондай-ақ ТМҰ-ға мүше және бақылаушы мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының басшыларын жинап, пікір алмасу мен ашық диалогқа арналған кең әрі инклюзивті алаң ұсынды.
Салтанатты іс-шаралар ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасты. Қазақстан атынан Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен домбырашылар дуэті Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз, қазақстандық биші әрі хореограф Әнел Марабаева, сондай-ақ опера әншісі Айгерім Алтынбек өнер көрсетті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vienna/press/news/details/1142989?lang=kk