Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орнында ҰҰА мамандарын даярлау мектебі ашылды
17.01.2026 10:20:26 158Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтын аяқтағалы жатқан 300-ден астам курсант FPV-дрондарын меңгеруге кірісті. Осы мақсатта оқу орнында ұшқышсыз ұшу мамандарын даярлайтын әскери мектеп ашылды.
Енді әскери институт курсанттары мектептің тәжірибелі оқытушыларының жетекшілігімен бүгінде соғыс әрекеттерінің сипатын айтарлықтай өзгерткен ұшу аппараттарын басқаруды меңгере алады.
Болашақ офицерлер кешендердің сипаттамаларын, құрылысын, қолдану ережелерін, техникалық қызмет көрсету тәртібін, сондай-ақ, қауіпсіздік шаралары мен әртүрлі жағдайда қолдану ерекшеліктерін үйренеді.
– Қазіргі заман технологияларын меңгеру арқылы курсанттар бүгінгі күні көптеген салада кеңінен қолданылатын ұшу аппараттарымен жұмыс істеуге практикалық тұрғыда дағдыланады, – деді әскери мектептің бастығы подполковник Данияр Ділдабаев.
Сонымен бірге компьютерлік симуляторлардағы сабақтарға да ерекше көңіл бөлінбек. Онда курсанттар ұшу тапсырмаларын орындайды, төтенше жағдайда техника мен жеке құрамға қауіп төндірмей әрекет етуге машықтанады.
Практикалық дайындық жергілікті жердегі нақты ұшуларды, кедергілер арасында маневр жасауды, бақылау жүргізуді және басқа да оқу тапсырмаларын қамтиды. Мектепте FPV-дрондарға арнайы дрон-трасса салынған. Онда алдағы уақытта курсанттар арасында жарыс өткізу жоспарда бар.
Тағы бір айта кететіні, мектептің нұсқаушылары дрондардың бәрін, шағын FPV-ден бастап орташа өлшемді «камикадзе» дрондарға дейін, бөлшектерінен өздері жинайды. Курсанттарға да сол дағдыны үйретуді жоспарлап отыр.
Қазіргі таңда 300-ден аса оқуды аяқтаушы курсант факультатив түріндегі оқытуды меңгеруде. Келесі оқу жылынан бастап ұшқышсыз ұшу аппараттарын меңгеруді қалағандардың бәрі оқи алады.
Ұшқышсыз авиациялық жүйе мамандарын даярлау Қарулы күштерді қазіргі заманғы технологияларды қауіпсіздік пен ел қорғанысы мүддесіне тиімді пайдалана алатын жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1142997?lang=kk