Қазақстанда жасанды интеллект саласында ЮНЕСКО-ның үздік халықаралық тәжірибелері енгізілуде
19.01.2026 20:30:27 137
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ҚР Сыртқы істер министрлігі ЮНЕСКО-ның Өңірлік бюросымен бірлесіп жасанды интеллектті пайдалануға ұлттық дайындықты бағалау жобасының ресми іске қосылуын өткізді.
ЮНЕСКО-ның аталған жобасы жасанды интеллекттің ұлттық экожүйесіне жан-жақты талдау жүргізуге бағытталған. Бағалау Қазақстандағы ЖИ дамуының негізгі өлшемдерін, оның ішінде құқықтық және нормативтік-құқықтық базаны, сондай-ақ әлеуметтік және гуманитарлық, экономикалық, ғылыми-білім беру және технологиялық аспектілерді қамтиды.
Жоба шеңберінде жасанды интеллект саласында теңгерімді әрі инклюзивті саясат қалыптастырудың шешуші шарты ретінде тиімді сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге ерекше басымдық берілуде.
Бүгінгі күні ЮНЕСКО-ның ұлттық дайындықты бағалау әдіснамасын (Readiness Assessment Methodology, RAM) іске асыру бойынша мүдделі тараптардың Ұлттық жұмыс тобы (National Stakeholder Team) құрылды. Оның құрамына Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму, Ғылым және жоғары білім, Мәдениет және ақпарат, Қаржы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері, Ұлттық ғылым академиясы, «Атамекен» ҰКП, Astana IT University, Ozim Academy, Қазақстандағы жасанды интеллектті дамыту қауымдастығы, «Technowomen» ҮЕҰ, ЮНЕСКО-ның Өңірлік бюросы, ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы, сондай-ақ жобаны іске асыруға тікелей тартылатын азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдері кірді.
Зерттеу қорытындылары бойынша Қазақстанда адамға бағдарланған жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыруға бағытталған практикалық ұсынымдар әзірленетін болады.
ЮНЕСКО-ның осы жобасын іске асыру халықаралық ынтымақтастыққа және адамның әмбебап құндылықтарын, құқықтары мен бостандықтарын сақтауға негізделген Қазақстанның жасанды интеллектті дамыту жөніндегі стратегиялық бағытын жүзеге асырудағы маңызды қадам болып табылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1143949?lang=kk