Қазақстан мен Словенияның СІМ басшылары екіжақты ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін талқылады
20.01.2026 19:10:38 154Астана, 2026 жылғы 20 қаңтар – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Словения Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы және еуропалық істер министрі Таня Файонмен телефон арқылы сөйлесті.
Сұхбат барысында сыртқы саяси ведомстволардың басшылары қазақ-словен ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылап, саяси диалогтың тұрақты динамикасын, парламентаралық және ведомствоаралық байланыстардың нығаюын, сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыстардың қарқынды дамуын атап өтті.
СІМ басшысы Словения тарапын 2024-2025 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі жемісті төрағалығымен құттықтап, Люблянаның адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, әлемнің әртүрлі өңірлеріндегі қақтығыстардың алдын алудағы үлесін жоғары бағалады.
Тараптар 2024 жылдың қазанда Люблянада Қазақстан Елшілігінің ашылуы, сондай-ақ Словения Президенті Наташа Пирц-Мусардың 2025 жылы Қазақстанға ресми сапары екіжақты қарым-қатынастарды сапалы жаңа деңгейге көтеруге деген өзара міндеттемелерінің айқын дәлелі болғанын ризашылықпен атап өтті.
Ең жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Мемлекет басшыларының бірлескен мәлімдемесі саяси диалогты одан әрі тереңдету, экономикалық байланыстарды кеңейту және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамыту үшін «жол картасы» екені аталып өтті.
Сұхбат соңында тараптар Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия қызметінің ерекше маңыздылығына назар аударып, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1144757?lang=kk