Қазақстан тұрақты даму саласында шведтік сараптамалық институттармен ынтымақтастықты нығайтуда
22.01.2026 08:52:48 185
Стокгольм, 2026 жылғы 21 қаңтар – Қазақстанның Швециядағы Елшісі Олжас Сүлейменов Стокгольм қоршаған орта институтының (Stockholm Environment Institute, SEI) стратегиялық өзара іс-қимыл жөніндегі директоры Анника Марковичпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен SEI арасындағы экологиялық жаңғырту және тұрақты даму саласындағы басым бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамыту мәселелері жөнінде жан-жақты пікір алмасты. Атап айтқанда, климаттық күн тәртібі, табиғи ресурстарды орнықты басқару және су қауіпсіздігі тақырыптарына ерекше назар аударылды.
Елші Қазақстан үшін су ресурстарын ұтымды әрі орнықты басқару мәселелерінің айрықша маңызға ие екенін атап өтіп, сондай-ақ су саласындағы халықаралық үйлестіруді күшейтудің өзектілігін көрсетті. Осы тұрғыда Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі Қазақстан бастамасының маңыздылығы ерекше аталып өтті.
Кездесу аясында Елші SEI басшылығын 2026 жылғы сәуір айында Астана қаласында өтетін Өңірлік экологиялық саммитке қатысуға шақырды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты байланыстарды сақтауға және тұрақты даму саласындағы бірлескен жобаларды қалыптастыру мүмкіндігін қоса алғанда, ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын практикалық тұрғыдан бірлесіп пысықтауды жалғастыруға өзара мүдделілігін растады.
Анықтама: Stockholm Environment Institute (SEI) – 1989 жылы құрылған, климат, экология және тұрақты даму салаларында жұмыс істейтін халықаралық тәуелсіз коммерциялық емес зерттеу институты. SEI Еуропа, Азия, Африка, Латын Америкасы және АҚШ-та орналасқан орталықтарды қамтитын жаһандық желі болып табылады. SEI қызметінің негізгі бағыттарына климатқа бейімделу және парниктік газдар шығарындыларын азайту, энергетикалық ауысым, су ресурстары, ауа сапасы, жер пайдалану және тұрақты даму мәселелері жатады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-stockholm/press/news/details/1145562?lang=kk