Прагалық хайуанаттар бағы өзінің мерейтойын және «Жабайы жылқыларды қайта жерсіндіру» жобасының 15 жылдығын атап өтті

Прагалық хайуанаттар бағы өзінің мерейтойын және «Жабайы жылқыларды қайта жерсіндіру» жобасының 15 жылдығын атап өтті

01.10.2026 19:35:03 194

Прага, 2026 жылғы 28 қыркүйек - Қазақстанның Чехиядағы Елшілігі Прага хайуанаттар бағының құрылғанына 95 жыл толуына және Қазақстан мен Моңғолия далаларында жүзеге асырылып жатқан «Жабайы жылқыларды қайта жерсіндіру» халықаралық жобасының 15 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты. Ұйымдастырушылар бұл атаулы күндерді Чехияның Ұлттық мемлекеттілік күніне орай атап өтуді ұйғарды. Іс-шара хайуанаттар бағының аумағында көптеген келушілердің, Чехия жұртшылығы мен дипломатиялық корпус өкілдерінің қатысуымен өтті.

Пржевальский жылқысын оның тарихи мекендеу ортасына қайта жерсіндіру барысына арналған презентация барысында сөз сөйлеген Прага хайуанаттар бағының басшылығы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Елшісі Қайрат Абдрахманов пен Моңғолияның Елшісі Болормаа Батсайхан өз елдерінде экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіру және биоалуантүрлілікті сақтау бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы айтып берді. Бұл ретте табиғи ресурстарды тұрақты пайдалану жекелеген мемлекеттердің ғана емес, халықаралық қоғамдастықтың да ортақ міндеті екені атап өтілді.

Қазақстанда «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватында жоба аясында Пржевальский жылқысының табиғи мекендеу ортасындағы популяциясын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда, онда алғашқы төлдері де дүниеге келді. Чехияның жетекшілігімен көптеген елдердің мамандарының бірлескен күш-жігері ғалымдар, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, әскери-әуе күштері және көлік ұйымдары арасындағы үйлесімді өзара іс-қимылдың практикалық маңызын көрсетіп, оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Қазақстан тарапы Прага хайуанаттар бағының директоры Ленка Поляковаға және Пржевальский жылқысын Ұлы дала еліне қайта жерсіндіру жөніндегі жалғасып жатқан жобаға қатысушылардың барлығына қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан практикалық үлесі үшін алғыс білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-prague/press/news/details/1302321?lang=ru