Қазақстан – Таиланд: ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері Пхукетте талқыланды

Қазақстан – Таиланд: ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері Пхукетте талқыланды

22.01.2026 14:02:51 150

Пхукет, 2026 жылғы 22 қаңтар – Пхукет провинциясына жұмыс сапары аясында Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Пхукет провинциясының Губернаторы Нират Понгситтаворнмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар өзара құрмет пен сенімге негізделген қазақстандық-таиландтық қатынастардың жоғары деңгейде әрі жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Туризм, сауда-экономикалық байланыстар, инвестициялар және гуманитарлық байланыстар салаларында екіжақты ынтымақтастықтың белсенді түрде дамып отырғаны айтылды. Қазақстан тарапы ұлттық және өңірлік деңгейлерде өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға мүдделі екенін білдірді.

Қазақстандық дипломат Пхукет провинциясының қазақстандық азаматтар үшін ең танымал туристік бағыттардың бірі ретіндегі ерекше маңызын атап өтті. Оның айтуынша, 2025 жылы Таиландқа шамамен 200 мың қазақстандық турист барған, олардың едәуір бөлігі Пхукетті таңдаған.

Осыған байланысты Пхукетте Қазақстан Республикасының Консульствасының ашылғаны туралы ақпарат берілді. Консульство қазақстандық азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесуге бағытталған.

Провинция Губернаторы консулдық мекеменің ресми ашылу салтанатына қатысуға шақырылды.

Өз кезегінде Н. Понгситтаворн мырза Қазақстанның Пхукет провинциясында консульство ашуы туристік алмасудың одан әрі дамуына, азаматтарға көрсетілетін консулдық қолдаудың деңгейін арттыруға, сондай-ақ инвестициялық ынтымақтастық пен іскерлік байланыстарды кеңейту үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал ететінін атап өтті.

Тараптар Қазақстан мен Пхукет провинциясы арасындағы практикалық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, оның ішінде туризм, мәдени алмасу, бизнес, инвестициялар және цифрландыру салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Қазақстанның Елшілігі мен Консульдігінің тікелей байланыстар орнатуға және өзара тиімді бастамаларды қолдауға жәрдем көрсетуге дайын екені атап өтілді.

Кездесуде көлік қатынасы мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда Қазақстан мен Таиланд арасында аптасына 34 тікелей әуе рейсі жүзеге асырылатыны, оның ішінде Пхукетке 21 рейс бар екені айтылды. Бұл туристік ағынның өсуіне, іскерлік байланыстардың дамуына және гуманитарлық қатынастардың кеңеюіне ықпал етуде.

Қазақстан тарапы Пхукет провинциясы билігінің шетелдік туристердің, соның ішінде Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қолайлы жағдай жасау жөніндегі күш-жігері үшін алғысын білдірді.

Төтенше жағдайларды қоса алғанда, жергілікті билік органдарымен тығыз өзара іс-қимыл мен жедел байланысты қолдаудың маңыздылығы атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстанның Пхукеттегі Консульствасының ашылуы Қазақстан мен Таиланд арасындағы достық пен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ Пхукет провинциясымен байланыстарды кеңейтуге қосымша серпін беретініне сенім білдірді.

Анықтама үшін:
Пхукет – Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жетекші туристік орталықтардың бірі және халықаралық туризмнің ең танымал бағыттарының қатарында.

Жыл сайын Таиландқа шамамен 35 млн шетелдік турист келеді, олардың 12 млн-ға жуығы Пхукет аралына тиесілі. 2025 жылы Таиландқа шамамен 200 мың Қазақстан азаматы барған.

Провинцияның тұрақты халқы шамамен 450 мың адамды құрайды, ал уақытша келетін туристерді есепке алғанда өңір аумағында бір мезгілде 2 млн адамға дейін болуы мүмкін. Пхукет провинциясының жалпы өңірлік өнімі шамамен 7,5 млрд АҚШ долларына бағаланады. Өңір экономикасының негізін кірістің едәуір бөлігін қамтамасыз ететін туристік сала құрайды. Сондай-ақ көлік және логистика, сауда мен қызмет көрсету, жылжымайтын мүлік және құрылыс салалары негізгі секторлар қатарында.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-thailand/press/news/details/1145866?lang=kk