Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі Панафрикалық Парламенттің Вице-президентімен «Әділетті Қазақстандағы» ауқымды конституциялық реформаларды талқылады
22.01.2026 19:50:35 170
Аддис-Абеба, 2026 жылғы 22 қаңтар – Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі, ҚР-дың Африка одағы жанындағы Тұрақты өкілі Жалғас Әділбаев Панафрикалық Парламенттің Вице-Президенті, Эфиопия Ұлттық ассамблеясының депутаты Ашебиро Гайомен кездесу өткізді.
Кездесудің басты тақырыбы - парламентаралық байланыстарды нығайту және Панафрикалық парламенттің заң шығарушы органының өкілін 20 қаңтарда Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысының қорытындыларымен таныстыру болды.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат сұхбаттасушыға Мемлекет басшысының Құрылтайда жариялаған негізгі бастамалары туралы егжей-тегжейлі мәлімет берді. Президенттің Қазақстанды жаңа саяси модельге көшіру бастамасына ерекше назар аударылды. Бұл модель заң шығарушы билік тармағын трансформациялауды, Вице-президент лауазымын енгізуді, ұлттық-азаматтық бірегейлікті нығайтуды, сондай-ақ мемлекеттік басқару архитектоникасына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізуді қамтиды.
«Қазақстан терең институционалдық трансформация кезеңінен өтуде. 20 қаңтардағы Құрылтайда қабылданған шешімдер мемлекетімізді бұдан да тиімді әрі тұрақты ететін жаңа саяси архитектураның іргетасын қалайды», - деп атап өтті Елші әңгіме барысында.
А.Гайо Қазақстанның реформалар жүргізу тәжірибесіне жоғары қызығушылық танытты. Ол Алматыда өткен студенттік жылдарынан қалған жылы естеліктері өзін Қазақстанмен байланыстыратынын жеткізді.
Вице-президент демократиялық өзгерістер жолындағы көптеген Африка елдері үшін Қазақстанның тұрақтылықты сақтай отырып, саяси жүйені жүйелі жаңғырту мысалы өте өзекті екенін атап өтті. Сондай-ақ А. Гайо Қазақстанның дамуын жіті қадағалап отырғанын айтып, ел басшылығының мемлекетті жаңғыртудағы, сонымен бірге көршілес елдермен және халықаралық серіктестермен тату әрі конструктивті қарым-қатынастарды нығайтудағы елеулі табыстарын жоғары бағалады.
Бұдан бөлек, тараптар халықаралық алаңдардағы өзара іс-қимыл мәселелерін, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Астана мен Аддис-Абеба арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды өзара тиімді іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейіне шығару үшін бірлескен күш-жігер жұмсауға уағдаласты.
Кездесу соңында доктор А.Гайо Қазақстан халқына конституциялық түзетулер бойынша алдағы жалпыұлттық референдумның сәтті өтуін тілеп, «Әділетті Қазақстан» Еуразиядағы тұрақты дамудың маңызды бағдарына айналып келе жатқанын атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-addis-ababa/press/news/details/1146317?lang=kk