Мехикода Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы ашылды
23.01.2026 08:40:41 279
Мехико, 2026 жылғы 20 қаңтар – Қазақстан Республикасының Мексика Құрама Штаттарындағы Елшілігінде Қазақстанның Мехико қаласындағы Құрметті консулдығын ашу рәсімі салтанатты түрде өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Елшілігі, Қазақстанның Мехикодағы Құрметті консулы К.Баррера, Мексика Сыртқы істер министрлігінің Африка, Орталық Азия және Таяу Шығыс жөніндегі Бас директоры А.Гомес Толедо, Бас Конгресі Депутаттар палатасының депутаты және «Қазақстан-Мексика» парламенттік достық тобының төрайымы М.Мартинес Руис, Мексика Экономика министрлігінің, Мехико қаласының «Мигель Идальго» аудандық әкімдігінің өкілдері, Мексиканың Ұлттық өңдеуші өнеркәсіп палатасына (CANACINTRA) мүше іскер топтар, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Салтанатты рәсім Қазақстан мен Мексиканың мемлекеттік әнұрандарының орындалуымен басталды. Іс-шараны құттықтау сөзімен ашып, Қазақстан Республикасының Елшілігінің кеңесшісі Е.Құбашев еліміздің қазіргі әлеуметтік-экономикалық дамуы мен елде жүзеге асырылып жатқан жүйелі реформалар туралы баяндады.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Мексика Сыртқы істер министрлігіне К.Баррераның кандидатурасын қолдап, тағайындағаны үшін алғыс білдіріп, оның екі ел арасындағы байланыстарын дамытуға қосып отырған елеулі үлесін және Елшілікпен тығыз өзара іс-қимылын атап өтті.
Іс-шара барысында Құрметті консулдықтың ашылуы Қазақстан-Мексика қатынастарын дамытудағы маңызды кезең екені атап өтілді. Құрметті консулдар институты халықаралық байланыстарды кеңейту, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында тиімді құрал ретінде өзін жақсы қырынан көрсетті.
Мексика Сыртқы істер министрлігінің Бас директоры А.Гомес Толедо екіжақты қатынастардың жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтіп, Қазақстан мен Мексика арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 34 жыл толуымен құттықтады. Ол сондай-ақ Қазақстанның Орталық Азиядағы Мексика үшін маңызды әрі сенімді серіктесі екенін айқындап, Мексикаға келетін қазақстандық туристер санының артып келе жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұл өзара сенімнің нығаюын және халықтар арасындағы байланыстардың кеңеюін көрсетеді.
Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Республикасының Мехико қаласындағы Құрметті консулы болып тағайындалған К.Баррера қазақстандық тарапқа, сондай-ақ Мексика Үкіметі мен Сыртқы істер министрлігіне көрсетілген жоғары сенім үшін алғыс білдірді. Ол сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты қоса алғанда, екіжақты байланыстарды дамытуға, сондай-ақ екі ел кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстарды ілгерілетуге барынша жәрдемдесуге дайын екенін жеткізді.
Рәсім қорытындысы бойынша К.Баррераға Мексика Сыртқы істер министрлігі берген Құрметті консулдың ресми куәлігі табысталды.
Қазақстан Республикасының Мехико қаласындағы Құрметті консулы болып тағайындалған К.Баррера – мексикалық кәсіпкер, Мексиканың Ұлттық өңдеуші өнеркәсіп палатасының (CANACINTRA) өнеркәсіп секторы бойынша вице-президенті.
Мехико қаласындағы Қазақстанның Құрметті консулдығы 2018 жылы Халиско және Наярит штаттарын қамтитын консулдық округпен ашылған Гвадалахара қаласындағы Құрметті консулдықтан кейін Мексика аумағындағы Қазақстанның екінші құрметті консулдық мекемесі болып табылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-mexico/press/news/details/1146372?lang=kk