Қазақстанның Елшісі Алмас Сейтақынов Моңғолияның мәдениет, спорт, туризм және жастар ісі жөніндегі Вице-министрі Дашням Ганзоригпен кездесті
23.01.2026 08:50:25 309
Ұлан-Батыр, 2026 жылғы 22 қаңтар – Қазақстанның Елшісі Алмас Сейтақынов Моңғолияның мәдениет, спорт, туризм және жастар ісі жөніндегі Вице-министрі Дашням Ганзоригпен кездесу өткізіп, оны жауапты қызметке тағайындалуымен құттықтап, жұмысына табыс тіледі.
Кездесу барысында тараптар мәдени-гуманитарлық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, мәдени байланыстарды дамыту, спорт саласындағы өзара іс-қимыл, туристік алмасуларды кеңейту, сондай-ақ жастар саясаты бағытындағы бірлескен бастамалардың перспективаларына назар аударылды.
Қазақстан Елшісі салалық ведомстволар, шығармашылық және спорт ұйымдары арасындағы өзара ықпалдастықты нығайтудың, сондай-ақ өңірлер мен жастар бірлестіктері арасындағы тікелей байланыстарды кеңейтудің маңызын атап өтті.
Өз кезегінде Вице-министр Моңғолияның әріптестікті одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін растады және екі ел халықтарының мәдениеті мен дәстүрлерін өзара танытуға бағытталған бірлескен іс-шараларды өткізуді қолдады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты өзара іс-қимылды нығайтуға ортақ қызығушылықтарын растап, тұрақты жұмыс байланыстарын сақтауға, сондай-ақ басым бағыттар бойынша ынтымақтастықты жандандыруға келісті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ulaanbaatar/press/news/details/1146376?lang=kk