Тәртіп пен тұрмыс: министрдің орынбасары Қарағанды гарнизонының әскери бөлімдерін тексерді

Тәртіп пен тұрмыс: министрдің орынбасары Қарағанды гарнизонының әскери бөлімдерін тексерді

23.01.2026 16:20:37 132

Қорғаныс ведомствосының ақпараттық-түсіндіру тобы Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабековтің басшылығымен Қарағанды облысында бірқатар кездесулер өткізді.
Генерал-майор Асқар Мұстабеков Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен және Парламент Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаевпен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар өзара іс-қимыл тетіктерін, гарнизон инфрақұрылымын одан әрі дамыту, әскери-патриоттық тәрбие, сондай-ақ әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Қарағанды гарнизоны әскери бөлімдері мен мекемелерінің қолбасшылық құрамымен өткен кездесуде Қорғаныс министрінің орынбасары ел Президентінің V Ұлттық құрылтайда көтерген негізгі бастамаларына тоқталды.
– Өткен форум қоғамды топтастыруға және мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған стратегиялық шешімдерді әзірлеуге арналған маңызды алаңға айналды. Қарулы күштер үшін бұл, ең алдымен, тәрбие жұмысын күшейту, патриотизм мен ел қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті арттыру, – деп атап өтті генерал-майор А. Мұстабеков.
Сондай-ақ ол тәрбие жұмысы нәтижеге бағытталған модельге көшуі тиіс екенін атап өтті. Оның негізгі өлшемі өткізілген іс-шаралардың саны емес, қойылған міндеттерді орындау барысында тәртіптің нығаюы, жауапкершіліктің артуы және әскери ұжымның бірлігі болмақ.
31775 әскери бөлімінде Қорғаныс министрінің орынбасары қызмет жағдайымен танысып, казармаларды, монша-жуу кешенін және өзге де инфрақұрылым нысандарын қарап шықты.
Ол бөлімшелердегі моральдық-психологиялық қамтамасыз ету ісінің ұйымдастырылуына ерекше назар аударды. Мерзімді қызмет жауынгерлерімен өткен кездесуде генерал-майор Асқар Мұстабеков олардың жауынгерлік даярлық деңгейінің жоғары екенін атап өтті. Әскери-есептік мамандықты меңгерудегі үздік нәтижелері үшін ол қатардағы жауынгер Дамир Жолтайға қолсағат табыс етті. Сондай-ақ сарбаздармен бірге түскі ас ішіп, тамақ рационының сапасын бағалады.
Сол күні Қорғаныс министрінің орынбасары Нұркен Әбдіров атындағы Қарағанды авиациялық базасына барды. Әскери бөлімде ол мерзімді әскери қызметшілердің тұрмыс жағдайының ұйымдастырылуын тексеріп, ұшуға дайындық үдерісімен танысты. Ұшқыштармен және инженерлік-техникалық құраммен әңгіме барысында кәсіби даярлық пен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Ақпараттық-түсіндіру тобының Қарағанды облысындағы жұмысы жалғасуда. Қорғаныс істері жөніндегі департаментте, «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің өкілдерімен, жалпы білім беретін мектеп оқушыларымен және Талғат Бигелдинов атындағы әскери колледж кадеттерімен кездесулер жоспарланған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1146923?lang=kk