Ұлттық ұланда бильярд турнирінің жеңімпаздары анықталды
23.01.2026 17:30:53 124Қаңтар айының ортасында Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында Бас басқармалар, басқармалар мен дербес қызметтердің басшылары арасында бильярдтан турнир ұйымдастырылды.
Жарыс «бильярд» және «еркін пирамида» дисциплиналары бойынша өтті. Ойын екі рет жеңілгенге дейінгі жүйе бойынша жүргізілді. Ережелер қарапайым, соққы шарымен кез келген шарды көздеуге рұқсат етілді. Алғаш болып 8 ұпай жинаған қатысушы жеңімпаз деп танылды. Әр кездесуге бір жарым сағат бөлініп, уақыт аяқталған жағдайда ұпайы аз ойыншы жеңілген болып есептелді.
Турнир барысында барлық бөлімшелердің әскери қызметшілері бильярд үстелінде жоғары белсенділік танытып, шешуші кезеңде финалистерге қызу қолдау көрсетті.
Турнир қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
І орынды техникалық пайдалануды ұйымдастыру және жоспарлау қызметінің бастығы подполковник Олжас Әлібеков иеленді;
ІІ орынды 4-бөлімнің бастығы подполковник Ерлан Абельдинов алды;
ІІІ орын басқарма бастығының орынбасары – құқық бұзушылықтардың алдын алу және профилактика бөлімінің бастығы полковник Қуандық Кульгажиновке бұйырды.
Сондай-ақ турнир қатысушылары арнайы номинациялар бойынша да марапатталды.
«Снайпер» номинациясымен Бас қолбасшылықтың мемлекеттік құпияларды қорғау басқармасының бастығы полковник Дінмұхамед Мырзатаев марапатталды;
«Үздік техника үшін» грамотасы Әскери полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Ғалымжан Өсербайға табысталды;
«Жеңіске деген жігері үшін» номинациясы техника және қару-жарақ басқармасының бастығы полковник Азамат Ғабдуллинге берілді;
«Шебер» номинациясымен Бас қолбасшылықтың байланыспен қамтамасыз ету орталығының бастығы полковник Адай Апенов марапатталды.
Жүлделі орындарға ие болған қатысушыларды Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов медальдармен және грамоталармен марапаттады.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1147046?lang=kk