СҚО-да студенттер мен сотталғандар арасында телемост форматында диалог ұйымдастырылды
26.01.2026 17:21:58 130
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында СҚО бойынша ҚАЖ департаменті М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті және облыстық прокуратурамен бірлесіп, университет студенттері мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар арасында телемост форматында профилактикалық іс-шара ұйымдастырды.
Іс-шараға шамамен 500-ге жуық студент қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасында құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ өз өмірі мен болашағына саналы әрі жауапкершілікпен қарау дағдыларын дамыту болды.
Телемост жұмысына ҚАЖ департаменті бастығының міндетін атқарушы әділет полковнигі Қанат Сүлейменов, СҚО прокуратурасының 2-басқарма бастығы әділет кеңесшісі Алмас Жалмағамбетов, сондай-ақ СҚУ әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі Басқарма мүшесі Әділхан Төлепберген қатысты.
Өз сөзінде Қанат Елюбаев қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің бақылаулары бойынша есірткі заттарын жасырын тарату үшін сотталғандардың басым бөлігі 18 бен 25 жас аралығындағы жастар екенін атап өтті. Олардың қатарында жоғары және орта оқу орындарының студенттері мен түлектері, соның ішінде үздік оқыған жастар да бар. Ол мұндай профилактикалық іс-шараларды өткізудің маңыздылығын ерекше атап өтіп, заң баршаға бірдей екенін айтты.
Кездесу барысында студенттер телемост арқылы есірткі заттарын жасырын таратумен байланысты қылмыстар үшін жазасын өтеп жатқан сотталғандармен тікелей байланыс орнатуға бірегей мүмкіндік алды. Бұған дейін университеттің бір топ студенті №50 мекемеге барып, аталған сапар туралы қысқаметражды бейнеролик қатысушыларға көрсетілді.
Іс-шара барысында үш сотталған өз өмір жолы мен жасаған қылмыстарының салдары туралы әңгімелеп берді. Сонымен қатар бұрын жазасын өтеп босаған сотталғандардың бірінің анасы сөз сөйлеп, болған жағдайдың отбасы үшін ауыр зардаптары жөнінде өз басынан өткен оқиғасымен бөлісті.
Кездесу соңында студенттер сотталғандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, шынайы әрі мазмұнды жауаптар алды. Аталған іс-шара жастардың заңға бағынатын мінез-құлқын қалыптастыруға және олармен тікелей диалог жүргізудің маңыздылығын айқын көрсетті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duissko/press/news/details/1148087?lang=kk