Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасының Уәкілетті экономикалық операторлар бағдарламаларын өзара тану мәселесі бойынша сарапшылар кездесуі

Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасының Уәкілетті экономикалық операторлар бағдарламаларын өзара тану мәселесі бойынша сарапшылар кездесуі

27.01.2026 17:21:30 113

2026 жылғы 19–20 қаңтарда Астана қаласында Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасының Уәкілетті экономикалық операторлар (УЭО) бағдарламаларын өзара тану мәселесі бойынша кезекті сарапшылар кездесуі өтті.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен Түркия Республикасының Сауда министрлігі арасында Уәкілетті экономикалық операторлар бағдарламаларын өзара тану мәселелері бойынша екі елдің кеден қызметтері басшылары қол қойған Іс-шаралар жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Уәкілетті экономикалық операторлар бағдарламаларын өзара тану туралы келісім жасасу жұмыстары жүргізілуде.

Іс-шаралар жоспарына сәйкес бірінші және екінші кезеңдерде көзделген іс-шаралар толық орындалды. Қазіргі уақытта маңызды әрі шешуші болып табылатын үшінші кезең іске асырылуда. Іс-шаралар жоспарының соңғы, төртінші кезеңі екіжақты келісімге қол қою болып табылады.

Сапар аясында Уәкілетті экономикалық операторлардың объектілеріне шығу ұйымдастырылды: Астана қаласында – «COCA-COLA BOTTLERS» ЖШС, Қарағанды қаласында – «EURASIAN FOODS» АҚ. Объектілерге барудың мақсаты компаниялардың тауарларға кедендік бақылауды ұйымдастыру, кедендік бақылауға жататын тауарларды есепке алу және құжаттаманы жүргізу, сондай-ақ қауіпсіздік пен қорғауды қамтамасыз ету саласындағы қызметін зерделеу болды.

Уәкілетті экономикалық оператор мәртебесін өзара тану рәсімдерді оңайлатуға, тауарлардың шекара арқылы өтуін жеделдетуге және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін әкімшілік шығындарды төмендетуге ықпал ететін болады.

Тараптар өзара құрмет пен сенімге негізделген екіжақты ынтымақтастықты дамытуға ұмтылыстарын растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd/press/news/details/1149000?lang=kk