Қостанай облысының орман шаруашылықтары 79 бірлік арнайы техникамен толықты

Қостанай облысының орман шаруашылықтары 79 бірлік арнайы техникамен толықты

30.01.2026 14:50:33 167

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша табиғи өрттердің алдын алу жүйесін жаңғырту және орман саласының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің орман мекемелеріне 79 бірлік арнайы өртке қарсы техниканы табыстады. Орман шаруашылықтарының қарамағына 36 орман-өрт кешені, 17 трактор және 26 жеңіл патрульдік автокөлік берілді. Бұл техника өрт ошақтарына жедел әрекет етуге мүмкіндік беріп, өрт қауіпті кезеңде алдын алу жұмыстарын күшейтуге септігін тигізеді.

«Соңғы үш жылда орман мекемелерін жарақтандыруға 8 млрд теңге бағытталды. Осы кезеңде 26 өрт сөндіру көлігі, 86 трактор, 39 орман өртін сөндіру кешені және 78 автокөлік сатып алынды.
Биыл қосымша 25 өрт сөндіру көлігі мен 9 трактор жеткізу жоспарланып отыр. Бұл саланың материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайта түседі», – деп атап өтті Қостанай облысының әкімі.

Техниканы жаңартумен қатар, өңірде кадрлық әлеуетті күшейту жұмыстары да жүргізілуде. Орман күзеті қызметкерлерінің штаты бір жарым есеге артты, ал жалақысы 100 пайызға ұлғайтылды. Бұл орман қорғау жүйесінің тұрақтылығы мен қызметкерлердің ынтасын арттыруға ықпал етеді.

«Біз бүгін 17 бірлік арнайы техниканы қабылдап алдық. Бұл – орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасын дамытуға қосылған үлкен үлес. Ең бастысы, бұл техника қызметкерлеріміз бен елді мекендердің өрт қауіпсіздігі деңгейін арттырады», – деп «Үзынкөл орман шаруашылығы мекемесі» КММ басшысының орынбасары Валентина Андрейчук өз әсерімен бөлісті.

Қостанай облысының әкімі материалдық-техникалық базаны жаңарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын, сонымен қатар кадр даярлау, цифрландыру және өрттің алдын алу бағыттарына баса назар аударылатынын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1151517?lang=kk