Қазақстандағы саяси реформалар және Егеменді Мальта Орденімен өзара әрекеттестік мәселелері талқыланды
04.02.2026 08:41:43 115
2026 жылғы 3 ақпанда Егеменді Мальта Орденінің Магистраль сарайында Қазақстанның Егеменді Мальта Ордені жанында қоса атқарушы Елшісі Т.Пірімбетовтің Егеменді Мальта Орденінің Халықаралық істер жөніндегі Бас хатшысы Дж.Кантинимен кездесуі өтті. Кездесуге сондай-ақ Орденнің Жоғары Консультативтік кеңесінің дипломатиялық кеңесшісі П.Феррара қатысты.
Әңгіме басында Т.Пірімбетов Орден басшылығына 2025 жылғы желтоқсанда Сенат Төрағасы М.Әшімбаевтың басшылығымен Қазақстан парламенттік делегациясының Егеменді Мальта Орденіне жасаған сапары барысында жылы қабылдағаны үшін алғыс білдірді.
Елші Қазақстандағы негізгі ішкі саяси үдерістер туралы жан-жақты ақпарат беріп, елдің Ата заңға енгізілген тұжырымдамалық өзгерістермен байланысты саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Конституциялық реформаның Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды жаңғырту күн тәртібінің қисынды әрі заңды жалғасы екені, оның көпұлтты әрі көпконфессиялы Қазақстан халқының мүддесі үшін мемлекет пен қоғамды сапалы әрі терең трансформациялауға бағытталғаны айтылды.
Ұсынылған ақпарат үлкен назармен қабылданды. Егеменді Мальта Орденінің басшылығы Қазақстанда Мемлекет басшысының жетекшілігімен жүзеге асырылып отырған реформалар бағытын қолдайтынын білдірді.
Кездесу барысында тараптар екіжақты байланыстардың қазіргі жағдайы мен перспективаларын жан-жақты талқылап, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі аясында, сондай-ақ гуманитарлық салада диалог пен практикалық ынтымақтастықты нығайтуға өзара дайын екендерін растады. Осы бағыттар бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал ететін бірлескен іс-шаралар жоспары белгіленді.
Кездесу соңында қатысушылар Қазақстан мен Егеменді Мальта Ордені арасындағы қатынастарды кезең-кезеңімен дамыту мақсатында бірлескен күш-жігерді үйлестіру үшін тұрақты байланыстарды жалғастыруға келісті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vatican/press/news/details/1154183?lang=kk