Саарбрюккен қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы ашылды

Саарбрюккен қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы ашылды

04.02.2026 15:15:28 233

Саарбрюккен, 2026 жылғы 3 ақпан – Германия Федеративтік Республикасының Саар федералдық жеріндегі Саарбрюккен қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шара Саар жерінің Сауда-өнеркәсіп палатасының (IHK Saarland) ғимаратында ұйымдастырылып, Қазақстан мен Германия арасындағы өңірлік деңгейдегі қарым-қатынастарды дамыту жолындағы маңызды қадамның бірі болды.

Қазақстан Республикасының Саарбрюккен қаласындағы Құрметті консулы болып Саар жерінің Сауда-өнеркәсіп палатасының Бас директоры Франк Томе тағайындалды. Оның халықаралық экономикалық ынтымақтастық саласындағы мол тәжірибесі Қазақстан Республикасы мен Саар федералдық жері арасындағы сауда-инвестициялық байланыстарды нығайтуға ықпал ететін болады.

Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Онжанов Құрметті консулдықты ашу барысында Қазақстан мен Германия арасындағы стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін атап өтті. Ол өңірлік өзара іс-қимыл мен іскерлік байланыстардың маңыздылығына тоқталып, Құрметті консулдықтың экономикалық, инвестициялық, гуманитарлық және өңірлік ынтымақтастықты дамытудағы тиімді тетік болатынына сенім білдірді.

Саар федералдық жерінің Премьер-министрі Анке Релингер Қазақстанды Германияның Орталық Азиядағы сенімді серіктесі екенін атап өтіп, өнеркәсіп, энергетика, инновациялар, цифрландыру және кәсіптік білім беру салаларындағы кең ауқымды өзара іс-қимыл мүмкіндіктеріне назар аударды. Ол Құрметті консулдықтың қызметін қолдайтынын білдіріп, оның іскерлік және қоғамдық орта арасындағы тікелей байланыстарды дамытудағы маңызды алаң ретіндегі рөлін ерекше атап өтті.

Саар жерінің Сауда-өнеркәсіп палатасының Вице-Президенті Оливер Шмитт өз сөзінде Қазақстан Республикасымен іскерлік ынтымақтастықты кеңейтуге өңір кәсіпкерлерінің жоғары қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.

Салтанатты рәсімнің негізгі сәті Қазақстан Республикасының Саарбрюккен қаласындағы Құрметті консулы Франк Томеге консулдық патенттің табысталуы болды. Ол өз сөзінде көрсетілген сенім үшін алғысын білдіріп, Қазақстан мен Саар өңірі арасындағы экономикалық, мәдени, гуманитарлық және өңірлік ынтымақтастықты дамытуға белсенді түрде атсалысатынын жеткізді.

Қазақстан Республикасының Саарбрюккен қаласындағы Құрметті консулдығының ашылуы ҚР мен ГФР арасындағы қатынастарды одан әрі нығайтуға, сондай-ақ Қазақстанның Саар федералдық жерімен әріптестігін кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-frankfurt/press/news/details/1154670?lang=kk