ДСҰ-да Казақстанның төрағалығымен Гамбияның Сауда саясатына шолу өтті

ДСҰ-да Казақстанның төрағалығымен Гамбияның Сауда саясатына шолу өтті

06.02.2026 17:51:30 177

Женева, 2026 жылғы 6 ақпан – 4 және 6 ақпанда Дүниежүзілік сауда ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілі, Сауда саясатын шолу жөніндегі органның төрағасы Қайрат Төребаевтың төрағалығымен Гамбияның Сауда саясатына шолу өтті.

Гамбия делегациясын Сауда, өнеркәсіп, өңірлік интеграция және жұмыспен қамту министрі, мырза Мод К. Сиссе басқарды. Отырыс барысында Гамбия елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, COVID-19 пандемиясынан кейінгі экономиканы қалпына келтіру, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар, сондай-ақ сауда және инвестициялық саясат саласындағы реформалар, цифрлық трансформация және сауда рәсімдерін жаңғырту туралы ақпарат ұсынды.

Отырыс барысында қызмет көрсету секторының, әсіресе ЖІӨ мен жұмыспен қамтудың едәуір үлесін құрайтын туризм саласының дамуы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және агроөңдеу салаларындағы экспорттық әлеуеттің нығаюы атап өтілді. Гамбия сондай-ақ ДСҰ мүшелерін Ұлттық цифрлық экономика жоспарының, электрондық сауда стратегиясының іске асырылуы, сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі шаралар, ASYCUDA World жүйесінің және Ұлттық «бір терезе» тетігінің енгізілуі туралы хабардар етті.

ДСҰ мүшелері Гамбияның көпжақты сауда жүйесіне бейілділігін, ДСҰ органдарының жұмысына және реформалар жөніндегі талқылауларға белсенді қатысуын, соның ішінде сауда рәсімдерін жеңілдету, инвестицияларды қолдау, электрондық сауда, ШОБ дамыту және балық ресурстарын тұрақты басқару бағыттарындағы күш-жігерін жоғары бағалады. Сондай-ақ Гамбияның ДСҰ-дағы Ең аз дамыған елдер (ЕАДЕ) тобының үйлестірушісі ретіндегі маңызды рөлі атап өтілді.

Төраға Қайрат Төребаев Гамбия делегациясына және ДСҰ мүшелеріне конструктивті әрі мазмұнды пікір алмасу үшін алғысын білдіріп, Сауда саясатына шолу транспаренттілікті арттырудың, сенімді нығайтудың және орнықты экономикалық өсу мен дамуға бағытталған реформаларды ынталандырудың маңызды тетігі екенін атап өтті.

Қазақстанның төрағалығымен өтетін келесі шолу 2026 жылғы 11 және 13 ақпанда өткізіліп, Папуа – Жаңа Гвинеяның Сауда саясатына шолуына арналатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-wto/press/news/details/1156728?lang=kk