Қазақстанның цифрлық жетістіктері Digital Cooperation Organization алаңында ұсынылды
08.02.2026 19:32:38 310
Әл-Кувейт, 2026 жылғы 8 ақпан – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің делегациясымен бірлесіп Digital Cooperation Organization (DCO) ұйымының 5-ші Бас ассамблеясы мен Халықаралық цифрлық ынтымақтастық форумының жұмысына қатысты.
Digital Cooperation Organization ұйымы 16 мемлекет-қатысушыны біріктіреді және цифрлық экономиканы дамыту мен технологиялық өзара іс-қимыл мәселелері бойынша негізгі халықаралық платформалардың бірі болып табылады. Іс-шараларға ұйымға мүше мемлекеттердің ақпараттық технологиялар мен цифрландыру салаларына жетекшілік ететін министрлері мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Цифрлық экономиканың болашағына арналған тақырыптық панель аясында Елші Е. Елекеев Қазақстанның цифрлық трансформация нәтижелерін таныстырды. БҰҰ-ның 2024 жылғы электрондық үкіметті дамыту индексіне сәйкес Қазақстан әлемнің 193 мемлекеті арасында 24-орынды иеленіп, электрондық үкіметтің дамуы өте жоғары елдер тобына кіреді, ал онлайн қызметтер көрсеткіші бойынша әлемде 10-орында тұр.
Сөз сөйлеу барысында Қазақстанның цифрландыруға экономикалық инфрақұрылымның негізгі элементі және бәсекеге қабілеттілікті арттыру құралы ретінде қарайтын стратегиялық тәсілі атап өтілді. Платформалық электрондық үкіметті дамыту, проактивті мемлекеттік қызметтерді енгізу және азаматтар мен бизнес үшін цифрлық шешімдерді кеңейту бойынша қабылданып жатқан шаралар таныстырылды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан жеделдетілген цифрлық трансформацияның үш жылдық кешенді бағдарламасы туралы ақпарат берілді. Бағдарлама жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту, деректерді өңдеу орталықтарын салу, есептеу қуаттарын кеңейту және кадрлар даярлауды қамтиды.
Қазақстан Республикасы электрондық үкімет, жасанды интеллект, цифрлық сервистер және киберқауіпсіздік салаларында Digital Cooperation Organization ұйымына мүше елдермен практикалық тәжірибе алмасуға дайын екенін растады.
Өткен іс-шаралар аясында Қазақстан Республикасының Digital Cooperation Organization ұйымына қосылу мәселесі де талқыланды. Осылайша, қазақстандық делегацияның DCO іс-шараларына қатысуы цифрландыру саласындағы халықаралық серіктестікті нығайтуға және ұлттық технологиялық даму тәжірибесін халықаралық деңгейде ілгерілетуге бағытталған маңызды қадам болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuveyt/press/news/details/1157075?lang=kk