Еңбекшіқазақ ауданында отбасылық күн электр станциясы іске қосылды

Еңбекшіқазақ ауданында отбасылық күн электр станциясы іске қосылды

09.02.2026 11:46:43 296

Еңбекшіқазақ ауданында жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың сәтті үлгісі жүзеге асырылып отыр. Қайназар ауылында Жаңабаевтар әулеті күн энергиясын пайдалану арқылы тұрғын үйін толықтай электр қуатымен және ыстық сумен қамтамасыз етіп, артық өндірілген электр энергиясын ортақ желіге өткізуде.

«Жасыл» технологияларды қолдану жарықтандыру және ыстық сумен қамту жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Елді мекенде электр қуаты уақытша өшірілген жағдайларда да Жаңабаевтар отбасының үйі автономды режимде қалыпты жұмысын жалғастырады.

Отбасылық күн электр станциясын құру жобасын кәсіпкер Темірхан Жаңабаев екі жыл бұрын бастап, өз үйінің шатырына күн панельдерін орнатқан. Алғашқы кезеңде 24 панель қойылып, бұл жалпы желіден тұтынылатын электр энергиясының көлемін 90 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік берген.

Кәсіпкердің айтуынша, күн панельдерінің қызмет ету мерзімі 25 жылға дейін жетеді.
Оның сөзінше, бастапқыда белгілі бір көлемде инвестиция қажет болғанымен, панельдер жоғары сенімділігімен ерекшеленеді. Олар шыңдалған берік әйнектен жасалған және бұршаққа, қар мен жаңбырға төзімді.

Қазіргі таңда шаруашылықта әрқайсысының қуаты 670 ватт болатын 42 күн панелі орнатылған. Жалпы өндірілетін электр энергиясының көлемі сағатына шамамен 30 киловаттқа жетеді. Сонымен қатар үйде тек күн энергиясымен жұмыс істейтін су жылытқыш қондырғы қолданылады. Оның сыйымдылығы 250 литрді құрайды, ал күндіз қыздырылған су арнайы жылу оқшаулау жүйесінің арқасында тәулік бойы жылуын сақтайды.

Отбасының таулы аймақ етегінде орналасуы да энергиямен тұрақты қамтылуына оң әсерін тигізіп отыр.

Темірхан Жаңабаев күн панельдері қосымша табыс көзіне айналғанын да атап өтті. Күніне шамамен 25 киловатт артық электр энергиясы «Алатау Жарық Компаниясына» сатылып, нәтижесінде жобаға салынған 5 миллион теңгенің жартысына жуығы қайтарылған.

Кәсіпкердің айтуынша, жаз мезгілінде күн сәулесі мол болғандықтан, ай сайынғы табыс 200 мың теңгеге дейін жетеді. Ал қыс айларында күннің қысқа әрі бұлтты болуына байланысты кіріс 50–60 мың теңге шамасында болады.

Алдағы уақытта Темірхан Жаңабаев бұрын алма бағы орналасқан 1,5 гектар жер теліміне қосымша күн панельдерін орнатуды жоспарлап отыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тәулігіне 200 киловаттқа дейін электр энергиясын сатуға мүмкіндік бар, бұл жобаны кеңейтуге жол ашады.

Мұндай жобалардың жүзеге асырылуы Еңбекшіқазақ ауданында «жасыл» энергетиканы дамытуға және ауылдық елді мекендердегі энергия тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1157353?lang=kk